Мектепке тарту

Кемеңгер ауылының орта мектебінде мамандандырылған биология кабинеті ашылды. Кабинетке облыстық және аудандық бюджеттен төрт млн. астам қаражат бөлінген болатын. Осы тектес кабинет химия пәні бойынша Ольгинка орта мектебіне қойылды. Заманауи жиһаз, қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған жаңа кабинеттерде әдеттегі сабақтар, бұрыңғыдан да қызығырақ өтетіні анық.

 

Ауыл мектептеріне қойылған мамандандырылған биология мен химия кабинеттері олардың жаратылыстану ғылымдарын тереңірек меңгеріп, тәжірибелер жүргізу арқылы білімін жетілдіруге мүмкіндік береді. Биология кабинетінде 12 микроскоп, адам ағзасының макеті мен өзге де қажетті құрал-жабдықтар қойылған. Оқушылар кітаптан түсінгенін іс жүзінде тексеріп, зерттеуге жағдай жасалғанына қуанышты. Бұл кабинетті бұрыңғысымен салыстыруға тіпті келмейді. Жаңа жиһаз бен ақпараттық тақта үйреншікті биология кабинетін танымастай құлпыртып жіберген. Қазіргі заманда ақпаратты гаджеттер арқылы сіңіріп үйренген балалар үшін мұндай жаңашылдық әсіресе қажет еді.

Аудандық білім бөлімінің мамандары сандық технологияларды пайдалану арқылы оқушылардың биология және жаратылыстану пәндеріне деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен болатын. Өйткені, соңғы жылдары бірыңғай ұлттық тестілеуге дайындық кезінде таңдаулы пән ретінде жиі биологияны белгілейді. Демек, бұл пәнді сапалы оқыту балалардың ертеңгі болашағына тікелей әсер етеді.

Мектеп оқушылары мен ұжымы облыс пен аудан басшылығына кабинетке қаражат бөлгендері үшін ризашылықтарын білдірді.