Мерекелік сый

Сычевка ауылының тұрғыны Мария Матюшина – Павлодар ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының соңғы ардагері.  1926 жылдың 19 қаң-тарында туған Мария Алексеевна бүгінде тоқсан төрттің төрінде.
Сұм соғыс басталғанда өрімдей қыз Мария өз еркімен әскери маскировщиктер курсына жазылады. 1943 жылдың ақпанында 80-әскери-далалық құрылыс басқармасында ер азаматтармен қатар қорғаныс бекеттерін: окоптар, дзоттар, доттар, блиндаждар салуға атсалысады. 225-қорғаныс құрылысы басқармасының құрамындағы 104 әскери құрылыс отрядымен Витебск, Белоруссияға дейін жеткен. Кейін солтүстікке: Петрозаводск, Карелия, Мурманск облысына жіберіледі. Ұлы Жеңісті Финляндияның шекарасында қарсы алып, көп ұзамай елге оралады.
1946 жылы Мария Алексеевна майдангер Георгий Васильевич Матюшинмен отбасын құрып, балалы-шағалы болады. Отағасымен бірге үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Қанмайдандағы ба-
тылдығы мен ерлігі үшін бірнеше орден, медальдармен марапатталған майдангер әжені ұрпақтары мақтан тұтады. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын тойлағалы отырған ауданымыздағы соғыстың жалғыз ардагері Мария Алексеевнаға 1 000 000 теңге көлемінде мерекелік сый берілді. Бейбіт күннің бағасын білетін тоқсан төрт жастағы қария әрбір атқан таңына риза болып, еліміздің амандығын тілеуде.