Міндет – зор, мақсат – айқын!

 

 

Қасиетті жұма күні Кемеңгер ауылындағы аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімі Жанат Шұғаевтың тұрғындар алдындағы қорытынды есептік кездесуі өтті. Баяндамасы тыңдалып, халық сауалы, өтініші назарға алынды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Әлия Арынова қатысты.

Залға халық лық толы жиылған есептік жиын ауданның әлеуеті арқау болған бейнесюжетпен бастау алды. Бұдан соң, Жанат Рашитұлының баяндамасы тыңдалды. Жалпы аудан бойынша өткен жылы тұрақты даму деңгейі сақталып, нақты сектордың негізгі салаларында өсу қарқыны байқалған. Ауданымыз сүтті-етті мал шаруашылығының дамуы және суармалы егін шаруашылығы бойынша жақсы көрсеткіштерге ие болып, 620 га суармалы егін шаруашылығы енгізіліп, 12 мың гектардан асып отыр, биыл да бұл жұмысты жалғастырып, бір жарым мың гектарға дейін ұлғайту көзделуде. Онсыз да көкөніс шаруашылығынан алда келе жатқан ауданымыз аталмыш жұмыстың арқасында бұдан да зор нәтижелерге қолжеткізетін болады.

«Қарапайым заттар экономи­касы» бағдарламасын іске асыру аясында ауданда 500 млн. теңгеге 8 жоба қаржыландырылды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 370 бас ірі қара мал, көкөніс сақтау қоймаларына арналған ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтар, сүтті қайта өңдеуге арналған жаб­дықтар сатып алды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 198,4 млн.теңге сомасына 9 жоба іске асырылды.

Кәсіпкерлік субъектілерінің өсуіне «Еңбек» бағдарламасын іске асыру оң әсер етті. 162 адам «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберілді. Жалпы сомасы 54,5 млн. теңгеге бизнес идеяларға 128 тегін грант, 45 қарыз алушыға 164,6 млн. теңге сомасына шағын несиелер берілді. «Жастар жылы» жастар кәсіпкерлігін дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Осылайша, «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 56 адам оқуды аяқтап, жас кәсіпкерлер 35,9 миллион теңге сомасына 71 грант алынды. Бағдарламаға қатысушылар бизнестің жаңа объектілерін ашты, бұл жол бойындағы сервис («Татьяна» кафесі), сүтті қайта өңдеу объектілері, халыққа қызмет көрсету сервистері ашылды.

Биылғы 2020 жылға зор мақсат-міндеттер қойылып отыр. Атап өтер болсақ, 7 ірі жоба енгізу жоспарлануда: 4 сүт-тауарлы ферма, бір құсфабрикасы, «ҚазАгро» ЖШС, «Андас» ЖШС күшімен суармалы телімдер көлемін ұлғайту. Нәтижесінде 4 млрд. теңге инвестиция тарту көзделген. Ұрғашы мал басы мың басқа, сүт өндірісі 50 мың тоннаға арттырылып, 60-тан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Басым міндеттердің бірі көлік инфрақұрылымын дамыту және жақсарту болып табылады. Былтыр 14,2 км жол жөнделсе, ағымдағы жыл жоспарында «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру аясында 4 елді мекенде ауылішілік 6 жолды жөндеу жоспарлануда. Сондай-ақ асфальт төселмеген Коряковка, Шаңды ауылдарының кіреберіс жолдарын жөндеу бойынша жобалар әзірленбек. Сонымен қатар, аудандық бюджет қаражаты есебінен 4 ауылда 5 жолды орташа жөндеу көзделуде.

Аудан бойынша орталықтандырылған сумен қамтылу 31,6 пайызға дейін арттырылды (38 ауылдың 12-сі). Новочерноярка, Черноярка, Заря, Подстепное, Бірлік елді мекендерінде құрылыс жұмыстары жүруде. Тағы 7 ауылда (Заңғар, Ольгинка, Пресное, Сычевка, Жаңа қала, Рождественка, Ефремовка) су құбырын тарту үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлініп отыр. Әр жобаға 250 млн. теңгеден келеді.

— Ауданда кәсібін заңдастырмай отырған өзін-өзі қамтушылар саны көп. Сондай такси жүргізушілерінің қарасы қалың. Бұл өз кезегінде еңбек өтіліне, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға кері әсер етеді, сондықтан осы мәселелерді шешу басты міндеттердің біріне айналып отыр, — деді әкім.

Білім саласына тоқталған аудан басшысы әр жыл сайын шәкірттер саны артып, жаңа бір мектеп оқушыларының санын құрап келетінін жеткізіп, Кемеңгер ауылында бастауыш мектеп ашу қолға алынатынын айтты. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша екі мектепте күрделі жөндеу жұмыстары, төрт білім ошағының ауласын абаттандыру ісі жоспарланып отыр.

Денсаулық саласында, өкінішке орай, туберкулез дертіне шалдыққандар саны азаймай келеді. Сондықтан, аудандық бюджеттен 6 айлық ем қабылдау мерзімінде немесе бір жылға дейін 15 АЕК мөлшерінде, яғни 39765 теңге жәрдемақы қарастырылмақ.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Ольгинка, Новоямышево елді мекендеріндегі спорт кешендерін жөндеу, Ефремовкада шағын футбол алаңын салу жоспарланып отыр.

— Құқықтық тәртіп бойынша, өткен жылмен салыстырғанда, қылмыстық құқықбұзушылық төмендегенімен, мал ұрлығы артпаса, кемімей тұр. Жүйелі жұмыс жасау қажет, — делінді.

Аудан әкімі ағымдағы жылы Новочерноярка ауылында орталықтандырылған жылу жүйесімен қамту жұмысына басымдық берілетінін бөле атады. Жанат Рашитұлы су құбыры тартылып, жылу жүйесі өткізілсе, көптеген шаруа қожалық өкілдері елді мекендегі көпқабатты үйлерді қалпына келтіруге әзір екенін алға тартып, жиынға қатысқан облыс әкімінің экономика жөніндегі орынбасары Әлия Арыновадан қолдау сұрады.

Сычевка негізгі мектебін кеңейтіп, типтік спорт залын ашу бойынша жұмыстар да — бірінші кезекте. Жылдан-жылға Мичурин ауылында типтік балабақша салу мәселесі көтеріліп келеді. Бүгінде мектептің біраз бөлігі балабақшаға берілген. Мұндай ірі ауылда жеке балабақшаның жоқтығы қиындық тудыруда. Мәселе болашақта шешімін табады деген ниет бар.

Луганск, Набережное тірек елді мекендерінде типтік медициналық мекеме ғимараттары қажет.

Кемеңгер ауылында типтік «Спорттық-сауықтыру кешенін» салу қажеттігі зор.

Әкім есебінен кейін жиналғандар сауал-өтініштерін жолдады. Черноярка ауылдық округі Ардагерлер кеңесінің төрайымы Алевтина Гавриленко: «Тұрғындарымыз Новочерноярка және Черноярка ауылдарының арасындағы жолдың жөнделуін көптеген жылдар бойы сұрап келді. Осы жылы салынатыны белгілі. Рахмет. Енді тұрғындар атынан бұл жолдың жарықтандырылуын сұраймын», — деді. Әкім: «Таяуда Мичурин ауылының кіреберісіне шамдар орнатылады, бұл мәселені де шешеміз», — деді. «Нұр ана әлемі» қоғамдық бірлестігі Павлодар аудандық филиалының мүшесі Айнұр Ешманова: «Концерттік костюмдерімізді жаңартып берсеңіздер», — деген тілегін білдірді. «Былтыр көп шығармашылық ұжымдарға көмектестік, биыл да бұл жұмысты жалғастырып, көмектесуге тырысамыз», — деді аудан әкімі Жанат Шұғаев.