Мәртебелі марапат

«Nur Otan» партиясының аудандық филиалында астана күні қарсаңында бірден екі салтанатты шара ұйымдастырылған болатын. «Нұротандықтардың» қатары толығып, белсенді мүшелерді марапаттау рәсімі өтті.

Жиналған қауымды айтулы күнмен құттықтай отыра, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Жанат Шұғаев бүгінгі жиынның жөні бөлек екендігін тілге тиек етті.

– Біз бүгін астана күні қарсаңында кездесіп отырғанымыз есте қаларлық жай. Біз қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға арналған сайлауалды штабының белсенді мүшелеріне алғыс айту үшін жиналып отырмыз. Одан бөлек жас мамандардың бірқатары бүгін Елбасы бастаған партияға мүшелікке енуді ұйғарыпты – деп, Жанат Рашитұлы сөз алды.

«Нұротандықтар» қатары Чернорецк ауылдық округінің «Ақбота» балабақшасының тәрбиешісі Алтын Худабай және Чернорецк №2 мектебінің мұғалімі Динара Исадиновамен толықты.

Ольгинка ауылы ардагерлер кеңесінің төрайымы, әрі партияның ардагері Лидия Луб мүшелікке енген жастарды осы есте қаларлық күнмен құттықтап, елі үшін, туған жері үшін еңбек еткенде аянбай, адал қызмет атқаруға шақырды.

Бұдан соң салтанатты марапаттау рәсімі басталды. «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Вера Гейнц партияның 20-жылдығында елімізде бірқатар тарихи оқиғалар орын алып, оның бірі – Президент сайлауы болғандығын, тағы бір мәрте еске салды.

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хаты сайлауалды штабты басқарған, аудандық мәслихат хатшысы Айтуған Шайхимовқа табысталды. Осы тектес марапатқа Вера Гейнц, Красноармейка аграрлы-техникалық колледжінің директоры Серік Жартыбаев, аудандық мәслихат депутаты Анна Солдатова, партия ардагері Күлзағира Сыздықова және аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Айжан Әбілжан да ие болды.

«Nur Otan» партиясының Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Николай Дычконың атынан берілген алғыс хаттарға партия ардагері Петр Кузьменко, Лидия Луб, Светлана Шин, аудандық мәслихат депутаты Бақытбек Баткеев пен белсенділер Дмитрий Корепанов, Арман Құрмашев, Юлия Ямпольская ие болды.

Жиын соңында аудан басшысы сайлауалды штабының қызметін жүргізуге атсалысқан партияның белсенді мүшелеріне тағы бір мәрте алғысын білдірді.