Мәселелер оң шешімін табуда

 

 

Апта басында аудан әкімі Жанат Шұғаевтың тұрғындар алдындағы жыл сайынғы есеп беру кездесулері басталды. Дүйсенбі күні Ефремовка, Луганск және Рождественка ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларымен таныстырып,  сұрақтарға жауап берді.

ЕФРЕМОВКА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ

Осыған дейін ауылдық округ әкімдері шағын ауыл тұрғындарымен кездесіп, былтырғы жылы атқарылған жұмыс бойынша есеп берген болатын. Аудан әкімінің есебі 20 қаңтар күні басталды. Ефремовкада округ әкімі Ардақ Шахматалинов жыл бойы тындырылған жұмыспен таныстырып, ауылда біртіндеп кәсіпкерлік дамып, жергілікті кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, бизнесін кеңейтуге мүмкіндік алып отырғандығын атап өтті.

— Биылғы жылы «Жанар» шаруа қожалығы 13,5 млн. теңге көлемінде несие алып, өзінің ісін жалғастыруда. Несиенің көмегімен кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. Ауылда 350 үй 111 бас мал ұстайды, — деді Ардақ Абжатұлы.

Осыған дейін Ефремовка ауылында округ әкімі тұрақтамай, жұмыс та ақсап кеткен еді. Былтыр сайланған әкім аз уақыт істеп жатса да, тұрғындардың оған айтар алғысы да көп болды.

— Бұрын әкімдердің  тек уақытша отырғаны байқалатын. Бұл — біздің он бесінші әкіміміз. Қазірде іс  алға басқаны көрініп тұр. Аз уақыт ішінде біраз жұмыс істеп үлгерді, — деп ауыл тұрғыны Василий Волков алғысын білдірді.

Аудан әкімінің округ әкімдеріне қойған негізгі талаптарының бірі ауылға көшіп келуі еді. Ардақ Шахматалинов облыс орталығынан ауылға көшіп келген, коммуналдық үйде тұрып жатыр. Бұл да ефремовкалықтар үшін өте қолайлы болды, әкім ауылда тұрғандықтан, көп сұрақтарды ұзаққа созбай, уақтылы шешуге  мүмкіндік бар.

Жанат Шұғаев ауыл тұрғындарын ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырып, атқарылған ауқымды  жұмыстардың қорытындысына тоқталды.

— Өткен жылы есептік кездесуде Павлодар ауданы әкімі атына 84 өтініш келіп түсті, оның ішінде 44 сұраққа сол орында толық жауап берілді. Қалған 14 өтініш аудан әкімінің, 26 ауылдық және ауыл әкімдерінің бақылауына алынды. Олардың барлығы уақытында толықтай орындалып, оң шешімін тапты, — деп, Жанат Шұғаев былтырғы сұрақтардың шешілгенін атап өтті.

Аудан экономикасының серпінді дамуының негізгі бағыты — ауыл шаруашылығы.  Суармалы жерлер аумағы ұлғайып, мал шаруашылығы ет-сүт өндіру бойынша жақсы көрсеткіштерге жетуде. Бұл бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілуімен тікелей байланысты екендігін атап өткен жөн. Шаруа қожалықтарына субсидиялар төленіп, мемлекеттік қолдау ретінде жеңілдетілген пайызбен несие беріледі.

— Одан бөлек, ауданға, әсіресе ауыл шаруашылығына инвестиция тарту бойынша үлкен жұмыс атқарылуда. Инвестицияның құйылуы арқылы былтырғы жылы ауданда жалпы құны 1 млрд. теңгені құрайтын төрт ірі жоба іске асты. Олар «Дәнекер» ЖШС, «Андас», «Жаңа кала» шаруа қожалығы, «Луганск» өндірістік кооперативінде  шаруашылық жұмысын кеңейтіп, дамытуға үлкен мүмкіндік берді. «Дәнекерде» үш мың тонналық көкөніс фермасы салынды, инвестиция сомасы жеке меншік қаражатынан 163 млн. теңге, «Андас» шаруа қожалығында 19 мың тонналық көкөніс қоймасы іске қосылды, инвестиция көлемі 725 млн. теңге және 420 га суармалы алқапты қолданысқа енгізгені үшін 156 млн. инвестиция салды. «Жаңа қала» шаруа қожалығы 200 га суармалы алқапты қолдана бастады, бұл үшін 41 млн. теңге инвестиция салынды. Биылғы жылы да бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табатын болады. Ауданда биыл жеті инвестициялық жобаны аяқтауды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде төрт сүт-тауарлы фермасы мен бір құс фабрикасы және «Қаз Агро» және «Андас» шаруа қожалықтарында суармалы  алқаптардың іске қосылуы бар, — деп, аудан әкімі ауыл шаруашылығындағы негізгі жетістіктерге тоқталды.

Жанат Рашитұлы атап өткен жеті үлкен инвестициялық жобалардың ішінде «Луганск» өндірістік кооперативінде 600 бас сиырға арналған  сүт-тауарлы фермасының салынуы, «Жаңа қала» шаруа қожалығында да осы тектес сүт тауарлы фермасының құрылысы бар. Одан бөлек, Ольгинка ауылындағы «Ертіс» шаруа қожалығында импорттық құнажындардың сатып алынуы мен 400 бас сиырға арналған сүт-тауарлы фермасы салынуда. «Turkey PVL» ЖШС құс фермасының құрылысы жүргізілуде. Күркетауық өсіруді жоспарлаған кәсіпкер Ербол Досыбаев өзінің қаражатынан 1.5 млрд. теңге инвестиция салуды көздеп отыр. «Каз Агро»  шаруа қожалығы Чернорецк ауылдық округінде 600 гектар суармалы алқапты қолданысқа енгізуді жоспарлауда, сондай-ақ «Андас» шаруа қожалығы Григорьевка ауылдық округінде 600 гектар суармалы алқабын іске қоспақ.

Ефремовка ауылдық округі тарапынан көп сұрақ қойылған жоқ. Василий Волков биылғы жылы Ефремовкаға салынатын су құбыры жөнінде түсініктеме алды. Ауыл тұрғындары су құрылысы дұрыс жүргізіліп, оның сапасының жақсы болғанын қалайды.

ЛУГАНСК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ

Луганск ауылдық округінің әкімі Вадим Щеглов әлеуметтік және шаруашылық мәселелері бойынша үлкен қолдау көрсетіп жүрген «Луганск» өндірістік кооперативі басшысы Петр Кузьменкоға алғысын білдірді. Жалпы, Луганск ауылы — тұрғындары үшін жайлы ауыл. Мұнда шешілмеген шаруашылық және коммуналдық сұрақтар жоқ десе де болады. Өйткені әкімдік пен өндірістік кооперативтің бірлескен жұмысы негізінде түйіткілдер уақытылы шешімін табуда.

Аудан әкімі есеп қорытындыларымен таныстырып, тұрғындардың сұрақтар-ына жауап берді. Сондай-ақ, бұл ауылдық округте 110 адам әлі де өзін-өзі жұмыспен қамтушы азамат болғанына қарамастан, еңбек қатынастарын заңдастырған жоқ. Осыған ерекше назар аударған аудан әкімі мұндай салғырттық алдымен осы азаматтардың өздеріне кесірін тигізетінін атап өтті. Өйткені биылғы жылы енгізілген медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін қолдану үшін де азаматтар базаға енуі қажет. Сондықтан ерекше қорғалатын категорияға енбейтін және жұмыс істемейтін  азаматтар бірыңғай жиынтық төлем төлеуі керек.

Аудан әкімі денсаулық сақтау саласындағы атқарылған жұмыстармен де таныстырып өтті. Оның ішінде туберкулез ауруымен сырқаттану мәселесіне тоқталды. Биылғы жылдан бастап бұл аурумен науқастанған жандарға емделу уақытында ай сайын төленетін жәрдем- ақы құны ұлғайтылды.

— Бірақ та, ауданда әлеуметтік маңызды аурулармен сырқаттану деңгейі артты, оның ішінде — туберкулез ауруы. Жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш жоғары деңгейде сақталды. Сол себепті туберкулезге қарсы алдын алу жұмыстарын жүргізу бойынша аудандық бюджеттен 15 айлық көрсеткіш мөлшерінде (39765 теңге) аурудың толық мерзімінде жәрдем- ақы берілетін болады. Туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға өсті және 100 мың тұрғынға 54,4 пайызды құрады. «Қатерлі ісіктер» диагнозымен 297 науқас есепте тұр, 2018 жылы – 306 адам болатын, — деп түсіндірді аудан басшысы.

Өндірістік кооператив төрағасы  Петр Кузьменко ауыл жолдарын жөндеу мәселесі бойынша өз өтінішін білдірді. Міне, бірнеше жыл қатарынан аудан әкімдігінің қолдауымен бұл ауылдың жолдары жөнделіп еді, кооператив өз тарапынан да бірнеше жолға асфальт төсеген болатын. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасатынын атап өтті. Былтырғы жылы аудан жолдарының 14,2 шақырымы жөнделіп,  264,2 млн. теңге көлемінде бюджеттен қаражат бөлінді. Сонымен қатар, биылғы жылы «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша төрт ауылдық округтің алты ауыл іші жолын жөндеу жоспарлануда.

 

РОЖДЕСТВЕНКА ауылдық округі

Былтырғы жылы ауыл әкімі есебінде Рождественка ауылының тұрғындары электр қуаты үшін заңды тұлғаның тарифімен төлейтіндігін айтып шағымданған болатын. Осыған дейін Рождественка ауылының элеватор маңындағы 60 шақты үй тұрғындары бірнеше жыл бойы электр қуаты үшін жоғары тарифпен төлеп келген. Өйткені, электр желілері бұрын жергілікті «Зерноград» ЖШС арқылы өтетін болғандықтан, ауыл тұрғындары заңды тұлғаның тарифімен төледі, бұл әрине, жеке тұлғаның төлемақысынан әлдеқайда жоғары еді. Жыл бойы ауылдық округ әкімі Рашид Галеев бұл күрделі сұрақты шешумен айналысып, күзге қарай  толық шешті десек те болады.

Аудан әкімі өзінің есебінде биылғы жылы Рождественка ауылында су құбырын тарту жұмысы басталатындығын ерекше атап өтті. Рождественкадан басқа тағы алты ауылда су құбыры өткізіле бастайды: Заңғар, Ефремовка, Пресное, Жаңа қала, Ольгинка және Сычевка. Бұл жеті ауылда су құбырының тартылуы 2021 жылы аяқталатын болады. Одан бөлек, Новочерноярка, Черноярка, Заря, Подстепное, Бірлік ауылдарында су құбырын тарту жұмысы жалғасып, жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, аудан әкімі білім саласындағы жаңалықтарға да тоқталды.

— Білім беру саласында оқушылар санының артуы байқалып отыр. Биыл балалардың жалпы саны 4 мыңнан астам, 1 сыныпқа 558 оқушы қабылданды. Сол себеппен кейбір мектептерде оқушылар орындарының тапшылығын байқап отырмыз. Кемеңгер ауылында оқу-лабораториялық корпусын қайта жөндеуден өткізіп, 250 орынды бастауыш сыныптарға арнайы мектеп ашуды жоспарлап отырмыз, 170 млн. теңге көлемінде қажетті қаржы бөлінді, Сычевка ауылында мектеп жанынан қосымша ғимараттың құрылысына сметалық жоба әзірлеу жоспарлануда, — деп, аудан әкімі өз есебінде атап өтті.

Жаңа жыл қарсаңында Розовка мектебінің оқушыларына спорттағы жетістіктері үшін жаңа шаңғылар сатып алынды. Осыған дейін бұл мектептің командасы бірнеше мәрте жарыстардан озып келіп, аудан намысын қорғаған болатын.

 

 

Чернорецк ауылдық округі

Кеше аудан әкімі Жанат Шұғаевтың есеп беру кездесулері Чернорецк, Григорьевка, Мичурин ауылдық округтерінде жалғасты.

Ауылдық округте былтырғы жылы атқарылған жұмыс турасында жергілікті әкім Серік Омаров таныстырып өтті. Былтыр ауылдың орталық көшелерінің біріне тас жол төселіп, ауыл тұрғындарының жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалған болатын. Достық ауылындағы су құбыры жөнделіп, Чернорецк ауылындағы су мәселесі де шешілуге жақын. Аудандық бюджеттен 24 млн. теңге бөлініп, тазарту құрылғысы орнатылмақ.

— Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл мәселені түбегейлі шешеміз. Тазарту қондырғысы орнатылады. Ал бұл су құбыры коммуналдық меншікте бола ма, әлде оны іскер азаматтарға тапсырып, сенімді басқаруға береміз бе, оны одан кейін шешетін боламыз. Сондай-ақ, сіздердің округтеріңіздегі Пресное ауылында биылғы жылы су құбырының құрылысы басталады. Оның аяқталуы 2021 жылы болады деп күтілуде.

Есеп беру барысында аудан әкімі Пресное ауылында бірнеше әлеуметтік нысанды жылытып тұрған жаңа модульдік қазандықтың да жұмысына тоқталды.

— Пресное ауылындағы модульдік қазандықтың жұмысында кемшіліктер бар екендігін білемін. Орнатқан фирма бұл олқылықты түзету тиіс. Әйтпегенде, біз оларды сотқа беретін боламыз, — деп, аудан басшысы түсіндіріп өтті.

Сонымен қатар, Жанат Шұғаев «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Чернорецк №1 орта мектебіне жөндеу жұмысын жүргізу жоспарда бар екендігін жеткізді.

— Егер, тіпті, республикалық бюджеттен қаражат бөлінбесе де, жөндеуге аудан бюджетінен қаражат бөлетін боламыз. Ал Мәдениет үйі бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын, қажетті қаражат 56 млн. теңге қымбат жоба болғандықтан, әзірше облыстан қаражат бөлінбеді. Егер республикадан бөлінбесе, онда аудандық бюджеттен біртіндеп жөндеуін жасайтын боламыз, — деп Жанат Рашитұлы ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелер бойынша өзі түсініктеме беріп кетті.

Кездесу барысында Достық ауылының тұрғыны Еділ Шахманов су құбырының жөнделгеніне өзінің алғысын білдіріп, оның арғы жұмысына алаңдаушылығын да жасырмады.

— Елде су болу керек. Былтыр су құбыры көп жерде тесіліп, қысылып қалған кездеріміз де болды. Енді жөндеуден кейін құбыр қай уақытқа дейін қызмет етеді? Оның су айдауыш мұнарасы да әбден тозған. Қолданып жүргенімізге 33 жыл болды. Ауыстыру керек, — деп ол өзінің қобалжуын білдірді.

Сол сияқты ауылдық округ тұрғындары жол мәселесін, қоқыс төгу орнын бекіту, ауыл көшелерін жарықтандыру сұрақтарын қойды.

Ауыл тұрғыны әрі Чернорецк халық хорының белсенді мүшесі Қалимаш Сембинова хор ұжымына жаңа сахналық костюмдер берілгеніне ризашылығын айтты.

Округтің сыйлы ақсақалы әрі қоғамдық істерге белсене қатысушысы болған Жақсылық Асайыновтың еңбегін аудан әкімі де ерекше атап өтті. Ол «Жыл адамы» аталымы бойынша марапатталып, алғысқа ие болды.

 

Григорьевка ауылдық округі

Григорьевка округінде былтыр су құбырының құрылысы толық аяқталды. Біртіндеп ауыл тұрғындары өз үйлеріне су өткізіп, қаладағыдай қолдарын жылы суға малуға мүмкіндік алды. Бүгінде 330 үйге дейін су құбыры тартылып, олардың 270-ке жуығы оны үй ішіне  өткізіп, пайдаланып жүр. Ауылдың 11 азаматы мемлекет тарапынан берілетін бизнес ашуға арналған грант алды. Олар өздерін жұмыспен қамтып, сүйікті ісімен айналысып, табыс тауып отыр. Өз есебінде ауылдық округ әкімі Виталий Бруцкий ауылға биылғы жылы оңтүстік өңірлерден «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша төрт отбасы, 30 азамат көшіп келгендігін атап өтті. Бұл басқа ауылдық округтермен салыстырғанда едәуір көп.

Аудан әкімінің есебінен кейін, тұрғындар өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Қайдар Сүлейменов ауылда жеңіл көлік жиі жылдамдықты арттырып жүретіндігін ескертіп, өзінің өтінішін айтты.

— Мен көп балалы әке ретінде балаларымның қауіпсіздігі үшін алаңдаймын. Мектеп, бала-бақша маңында, тіпті бүкіл ауылдың ішінде бірде-бір жылдамдық бәсеңдеткіш жоқ. Мектепке барғанда машина баламды қағып кете ме деп алаңдаймын, — деп, өзінің көкейіндегі түйіткілді жасырмады.

Ауыл тұрғыны Анатолий Корниенко көше жолдарының әбден тозғандығын атап өтті. Набережное ауылында биылғы жылы су құбырын өткізу жұмыстары жүргізілгендіктен, жол жөндеу жұмысы кейінге шегертілген болатын.

— Әйтпегенде, бұл қаражатты тиімсіз пайдалану болатын еді. Жол жөндеу жұмыстары су құбыры толық өткізілгесін жүргізіледі, — деп түсіндірді Жанат Рашитұлы