Мәселелер – әкім назарында

Аудан әкімі Жанат Шұғаев тұрғындарды қабылдап, сауалдарына жауап берді, өтініштерін қаперге алды.

Алғашқы болып аудан әкімінің қабылдауына Новоямышево ауылының тұрғыны Бақыт Тұғаева 14 жасар мүгедектігі бар баласына ортопедиялық құрылғы (ортопедиялық велосипед) сұрап жүгінді. Осынау жылдар бойы баласын аяққа тұрғызу үшін ана қолдан келгенін жасап бағуда. Мемлекет тарапынан көмек көрсетілуде, алайда, аталмыш ортопедиялық құрылғы «Жеке оңалту бағдарламасында» қарастырылмаған. Ал оның құны 700 мың теңге шамасында. Қазіргі таңда туыс, жора-жолдастарының көмегімен 100 мың теңге қаражат жиналған.

— 14 жылдан бері бүйтіп ешқайда барып, ешкімнен көмек сұрамап едім, — деді ана жыламсырап. Өкінішке орай, бала біздің ауданымызға қарасты елді мекенде тұрғанымен, қалада тіркелген. Демек, бұл мәселемен қаладағы құзырлы мекемелерге жүгіну қажет. Әйткенмен, аудан атқамінерлері «Добряктар клубы» арқылы көмек сұрауға уәде берді. Аудан басшысы жолдарды жөндеу, ауыз сумен қамту бойынша ірі жобалар кезінде мердігерлер тарапынан көмек жасалу мүмкіндігін алға тартты. Сондай-ақ алысқа бармай-ақ, өз жерімізде де ем қабылдау мүмкіндіктері бар екені айтылды. Мәселен, жуырда Май ауданында, Кенжекөл ауылында мүгедек жандарға арналған бейімдеу орталықтары ашылғаны жеткізілді.

— Айтқандарыңыз жақсы болды, Қызылордаға бармақ болған едік, онда ем алу үшін айына 150 мың теңге қаражат қажет, — деді ана. Округ әкімі Ақылбек Бердіханов жергілікті әкімдік, мектеп тарапынан қолдан келгенше көмек көрсетіліп отыратынын жеткізді. — Жуырда жаңа жылдық шыршаға бардық, көп рахмет, — деп алғысын білдірді ақ жаулықты ана.

«Мичурин ауылдық округінің жаңадан бой көтерген тұрғын үйлері аумағында жарық шамдары бағаналары орнатылды, ал менің үйімнің маңына неге қойылмады?» деп жүгінді әкім қабылдауына келген Әлия Асылова есімді азаматша. Атқамінерлер жоба бойынша солай жасалғанын алға тартты. Әйел болса, өз есебінен уақытша ағаш тіректер орнатқанын, бұл ағаш тіректер жеке иелікте болғандықтан, оның жөндеу жұмыстарына әкімдік емес, өздеріне жауап беруге тура келетінін алға тартып, тұрақты бедон бағаналар құрылуын өтінді. Мәселе назарға алынды.

Григорьевка ауылдық округіне қарасты Набережное ауылының тұрғыны, жергілікті Мәдениет үйінің директоры Людмила Харлинская «бюджет қызметкерлеріне баспана алу үшін жеңілдетілген несие бөліне ме?» деген сауалмен жүгінді. Қызымен бірге ата-анасының үйінде тұрып жатқан ол өз жеке үйінің болғанын қалайды. Ешқайда үй кезегінде тұрмаған. Атында баспана мүлігі жоқ екені жайлы қолында анықтама қағазы да бар. Демек, бүгіннен-ақ баспана кезегіне тұра алатындығы туралы мамандар кеңес берді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Павлодар облыстық филиалы арқылы да ипотекалық несие алып, баспаналы болуына мүмкіндіктің бары айтылды. Округ әкімі Виталий Бруцкийдің айтуынша, Набережное ауылында сатылып жатқан үйлер бар, орташа құны – 3,5 млн. теңге.

Осыдан біраз уақыт бұрын бірер мәрте аудан әкімінің қабылдауында болған құлағының мүкістігі бар Шақат ауылының тұрғыны Гүлсая Әмірова «ота жасау үшін көмек көрсетсеңіздер» деп жүгінді. Аудандық емхананың бас дәрігері Гүлназ Қайырбаева: «Операцияның өзі қымбат емес, импорттық имплант керек, ең қымбаты сол», — деп Нұр-Сұлтан қаласындағы емхана мамандарымен әңгімелесу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді.

Аудан басшысы әр тұрғынның сауалын, өтінішін қаперге алып, қолдан келгенше көмектесуге уәде берді.