Мәңгілік есте!

«Батырлар — біздің арамызда» эстафетасы шеңберінде «Мәңгі есте» атауымен Ефремовка мектебінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығына және Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың 95 жылдығына арналған іс-шара мектеп мұражайында өтті.

Іс-шараға «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Вера Гейнц, аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Малика Қалиева, облыстық кітапхананың өлкетану және сандық технологиялар бөлімінің бастығы Марал Тәженова және Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың ұлы Мұрат Қайырбаев пен келіні Майя Қайырбаева қатысты.

Кеш барысында Махмет батырдың ұрпағы Мұрат Қайырбаев сөз сөйледі. Тірі болса,        1 қаңтарда әкесі 95 жасқа толар еді. Ол туралы көптеген мақалалар, өлеңдер, очерктер, кітаптар жазылған. Мұрат Махметұлы өз әкесі туралы бірнеше монография жазған, ол кітаптар мектеп мұражайына қойылған.

Махмет Қайырбаев 12 жаста болғанда, әкесі «Халық жауы» атанған. Сондықтан, мектепті үздік бітірген Махметке мадақтама берілмеген, комсомол қатарына да қабылданбаған. Майданға баруға екі рет сұранғанымен, тым жас болған соң, әскерге алынбаған. Тек үшінші әрекеттен соң, Подольск әскери артиллериялық училищесіне оқуға жіберілді. Училищені үздік бітіргені үшін кіші лейтенант атағының орнына лейтенант атағы берілген.

Майданда 1943 жылдың сәуірінен 1945 жылға дейін соғыстың барлық қиындықтарын басынан өткерген. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен неміс-фашистік басқыншылармен күрес майданындағы қолбасшылық тапсырмаларын үлгілі орындағаны үшін және осы ретте көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін аға лейтенант Қайырбаевқа «Кеңес Одағының батыры» атағы, Ленин ордені және «Золотая звезда» медалі берілді. Әскерде қызмет еткеннен кейін, көптеген жауапты басшылық лауазымдарда қызмет істеген. Артиллерия полковнигі атағына дейін көтерілді. Ардагер 1996 жылы 12 шілдеде Павлодар қаласында дүниеден озды.

Келген қауымның үлкені де, кішісі де Мұрат Қайырбаевтың ерлік пен батырлық, сарбаздардың соғыста көрген қиыншылығы, командирлер жауапкершілігінің қаншалықты жоғары болғаны, аңсап жеткен бұл жеңіс жеңіл келмегені, тек еліне деген сүйіспеншілік пен батылдықтың арқасында қол жеткізгендері туралы айтқан әңгімесін үлкен ықыласпен тыңдады.

— Соғыс әрбір отбасы, әр адам тағдырына өшпес із қалдырып, жазылмас жара салды. Ана баласынан, бала әкесінен айырылды. Әйелдер, қарттар мен балалар сол жылдары «Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін!» деген ұранмен тер төкті. Балалар күннің суығы мен ыстығына қарамай, ересектермен тең дәрежеде жұмыс жасады. Біз үшін соғыс ардагерлерімен қатар тыл ардагерлері де үлкен құрметке ие, — деді Ефремовка орта мектебінің түлегі, соғыс ардагері мен тыл еңбеккерінің немересі Вера Гейнц.

Мерекелік іс-шара бір демде өтті. Соғыс жылдарындағы әсерлі әндер шырқалды, таныс өлеңдер оқылды. Солдаттарша киінген оқушылар сол уақыт тынысын жеткізіп, көз жассыз қарай алмайтын керемет қойылымдар қойды. Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» әнін Диляра Лекерова, «Солдат» әнін Жәнібек Мамиленов, «Синий платочек» әнін Оксана Стеблюкова, «Фронтовое письмо, не молчи, расскажи…» өлеңін Виолетта Молодцова көрерменге паш етті.

Сөз алған мектеп директоры Светлана Щусь:

— Біздің мұражайда соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері туралы мәліметтер жинастырылып, ұқыпты сақталуда. Еске алу кешінің барлық қатысушыларына, шараны ұйымдастырушы Светлана Шинге осындай есте қаларлық мереке сыйлағаны үшін алғысымды білдіремін, — деді.

Сұм соғыста жау оғымен арпалысып, бейбіт өмір мен мамыражай тірлік үшін жан беріп, жан алысқан аға ұрпақтың бұл ерлігін ұмытуға хақымыз жоқ!