Мәңгі ұмытылмас мектеппен қоштасу кеші

Маусымның 12-ші жұлдызы күні ауданымыздың барлық мектептерінде түлектердің бітіру кеші өтті. Биыл Павлодар ауданы Шақат орта мектебі бойынша 8 бірдей өрен үлкен өмірге аяқ басты.  Осы қуанышты күні аудан әкімі Жанат Шұғаев аталған мектепке арнайы ат басын бұрып, түлектердің қоштасу кешін тамашалап, аттестаттарын табыстады.

Кеш шымылдығы  «Айгөлек» би тобының бұлдіршіндерінің орындауындағы «Қарлығаш» биімен ашылды. Одан кейін бітіруші түлектер, көрермендердің қошеметімен  кезекпен ортаға шықты. Негізінен шақаттық оқушылардың  аудан, қала берді облыс көлемінде түрлі білм бәсекелерінде бой көрсетіп жүргені баршамызға мәлім. Олардың қатарында, облыстық химия-биология бағытында ғылыми жобалар сайысы мен конференциялардың жеңімпазы Рысты Жамбылова, аудандық ән байқауларының жеңімпазы Ризагүл Ақшанова, облыстық пән олимпиядаларының қатысушысы Лаура Рыспековалар бар.

Шараның салтанатты бөлімінде аудан әкімі Жанат Рашитұлы  түлектерге  мектеп бітіргені туралы аттестат табыстады. Ал, биология пәнін үздік оқығаны үшін Рысты Жамбылова мақтау қағазымен марапатталды. Ал Маржан Дүйсенова мен Қайырберген Жаукеновке үздік аттестат пен аудан әкімінің алғыс хаты берілді.

Осы тұста, облыстық әдеби сайыстарда бағын сынап жүрген Маржанды сөзге тартып көрдік.

–Маған жақындарым көбіне-көп филология, журналиститка саласына оқуға түс деп кеңес айтып жатады. Өзім әр-түрлі оқуларға үнемі қатысып жүрген соң, олардың солай ойлауы заңдылық деп санаймын. Десе де, менің арманым мүлдем басқа. Болашақта дәрігер болсам деген ниетім бар.  ҰБТ-дан жоғары балл жинап жатсам, С.Ж.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина универсиетіне немесе Семей медициналық университетіне құжаттарымды тапсырып, бағымды сынап көрмекшімін.–– деп бойжеткен болашақ жоспарларымен бөлісті.

Кеш барысында, әжелер шашу шашып, мектеп оқушыларының орындауында әсем ән шырқалып, би биленді.  Ал, Мария Пьянкова мен Маржан Дүйсенова  ұстаздарына арнап өз жанынан шығарған өлеңдерін оқып беріп, соңы түлектердің «Қоштасу вальсіне» ұласты.

Сынып жетекшілеріне сөз кезегі берілген тұста, Айман Айтмұханқызы:

–Қайырлы кеш, құрметті ата-аналар! Мен сынып жетекшілік атқарған алты жыл ішінде сіздердің балаларыңыз менің де перзентіме айналды.Әріптесім Александра Александровна екеуміз олардың мектептегі анасына айналдық десем артық айтқандығым болмас.  Үйдегі сіздер берген тәрбие мен мектепте берілген білім ұштасып, оқушыларымыз елімідің саналы да білікті азаматтары мен азаматшаларына айналады деген сенімдемін–деп толқынысын жасырмады.

Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің басшысы Сәкен Майдисаров пен ауыл әкімі Базарбай Әбиевтар да  түлектерге жекелей тілектерін білдіріп, құттықтады.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Павлодар  ауданы бойынша 14 орта мектепті барлығы 125 оқушы бітірген көрінеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, оның екеуі Шақат орта мектебінің түлдегі болса, үшіншісі Чернорецк орта мектебінен Дмитрий Кугуков екен.

Сонымен қатар, өзге де ауылдық округтерде салтанатты жиындар өтіп, ардагерлер, ауданның құрметті азаматтары және демеуші-меценаттар қонақ ретінде қатысты. Жалпы, аудан бойынша 12-маусым күні  күні түлектерге  «Мектепке кітап сыйла!», «Өз мектебіңе қол ұшын бер!» атты акциялары ұйымдастырылса, ал олардың   ата-аналарына: «Мектепте дәріс оқы!», «Өз ұлыңа және оның достарына арнап сынып сағатын өткіз», «Қызым саған айтам!» сияқты акциялар ұйымдастырылды. Және де демеушілерге арнап «Мектеп болашағына!» атты жаппай шаралар бастау алды. Айта кетерлігі, бұл маңызды күні аудандық медицина және полиция бөлімінің қызметкерлері түлектердің  денсаулығы мен қауіпсіздігін жіті бақылауында ұстады.

Қарлығаш ҚАШҚЫНБАЙ,

Суретті түсірген автор