Отбасылық кәсіптің нәсібі

Григорьевка ауылдық округіне қарасты Жаңа қала елді мекенінде қоныс тепкен атына заты сай «Болашақ» ШҚ жыл сайын ерте өнімдерімен қуантып келетінін білеміз. Отбасылық кәсіп екі мыңыншы жылдардан бері, жиырма жыл бойы үздіксіз жемісін беруде. Әбдірахман әкелері бастаған істі бүгінде балалары, немерелері жалғастыруда.

Кәсіптерін екінші нан атасын отырғызудан бастаған шаруа өкілдері түрлі әдебиеттер, ғаламтор беттерінен, өзге де шаруалардан сұрап-білу арқылы жылыжайларда көкөністердің түр-түрін егуге бейімделіп алып, қазірде қызанақ, қияр, сәбіз өсіріп келе жатқандарына талай жылдың жүзі болған. Голландиялық тұқымдарды егу дәстүрге айналған. Өткен жылы қиярдан 80 тонна, қызанақтан 150 тоннаға жуық өнім алыпты. Ерте көктемде басталатын тынымсыз еңбек жемісін көп күттірмей, жаз басында алғашқы өнімдерін береді. Осылайша, жылыжайда өсірілген көкөністер үстеліміздің сәнін келтіріп, асымызға арқау болады.

Қожалық басшысы Зейнолла Жүнісовтің айтуынша, биыл өкінішке орай, коронавирус індетіне байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдай, карантин өз әсерін тигізбей қоймапты. Жаңа жылыжайлар тұрғызу үшін арнайы ағаш әкелу кешеуілдеген. Сондықтан, биыл 25 сотыққа артқан қияр кештеу отырғызылыпты. Абырой болғанда, көкөніс тұқымдарын ертерек сатып алып, стақандарға егіп қойған. Қожалықтың бір гектар аумақтағы жылыжайларында өсіп тұрған көкөністер енді гүлдей бастапты. «Негізі, қазір өнім алатын кез еді», – дейді Зейнолла Әбдрахманұлы.

«Ештен кеш жақсы» демекші, атына заты сай қожалық мол өнім алудан үмітті. Заман ағымынан қалмай, тамшылай суару әдісін пайдалануда. Барлығы 30 мың түп көкөніс егілген. Сондай-ақ інісі Жанболат ашық егіс даласында баялды, тұздауға арналған қызанақ, кәді, барлығы 100 мың түп көкөніс отырғызыпты. Осылайша, ағайындылар бірі жылыжайларда, бірі ашық алаңда көкөніс шаруашылығын дөңгелетіп отыр. «Рахмет» базарында өз нүктелері бар кәсіпкерлер өнімдерін сонда саудалайды. Отбасылық кәсіп болғандықтан, бұл жұмыстарды екі қарындасына сеніп тапсырған. Шаруашылықта 6 адам тұрақты түрде еңбекпен қамтылған, ал арамшөптерден тазарту, жиын-терім кезінде тағы біршама қосымша жұмыс күштері тартылады.

Жылыжайларының маңынан үй салуда. Отба-сылық кәсіпке Зейнолла ағамыздың жан жары Әсия да зор үлес қосуда. Көкөніс шаруашылығымен қоса, өз хоббиін дамытуда. Көпжылдық гүлдер және бір жылдық шырайгүл отырғызған. Биыл көбірек гүл өсіруді жоспарлағанымен, карантин салдарынан қалаға келіп, жаңа тұқым сатып ала алмаған.

– Фирмалардан гибридті тұқымдар алып, отырғызайын деп едім, болмай қалды. Келер жылы ерте қамданып, осы істі жақсылап қолға аламын. Сатып алатындар табылады деп ойлаймын, – дейді Әсия Жүнісова.

Қожалық иелерінің тұңғыштары Шәріп медициналық академияны хирург-травматолог мамандығы бойынша тәмамдап жатса, кіші ұлы Тәріп Чернояркада бас агроном болып қызмет атқаруда. Шаруашылыққа жаңа технологияны енгізуге ықпал етіп жатыр, – дейді қожалық иелері баласымен мақтанып. Өнімдері жақсы шықса, техникаларын жаңартуды жоспарлауда.

Қалада тұратын Ильнара, Арыстан есімді неме-релері де ата-әжесінің қасында, таза ауада асыр салып ойнап, мәз-мейрам. Жастайынан нанның қалай келетінін көріп өскен балдырғандар ер жеткен соң, ата кәсіптерін жалғастыруы да бек мүмкін…

Еңбеккерлер көкөніс шаруашылығымен қоса, мал шаруашылығын қатар дамытуда. Жүз шақты жылқылары бар.

«Кәсіп түбі – нәсіп» демекші, еңбектері жемісін бере бергей дегіміз келеді.