Партия жұмысы жаңғырмақ

«Nur Otan» партиясының аудандық филиалында партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси кеңестің кеңейтілген отырысында жұмысты жүйелі жаңғырту бойынша ұсынған бағдарламасының негізгі бағыттары талқыланды.

Партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасы жеті серпінге негізделген: партияның жойқын күшін топтастыру және бастауыш партия ұйымдарының рөлін арттыру, сыбайлас жемқорлықпен күресті нығайту, партия органдарының жұмысын белсендендіру (саяси кеңес, саяси кеңес бюросы, партиялық бақылау комитеті), биліктің барлық деңгейлерінде партиялық жауапкершілікті арттыру, тұрғындармен нақты бастамаларға негізделген ұстанымдарды ендіру, партияның ақпараттық-идеологиялық саясатын қарқынды жүргізу және қазақстандық жастарды партия аясына біріктіру.

Партияның облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының жуырда өткен отырысында төраға Болат Бақауов ауданымызда филиал төрағасы мен әкімнің қызметтерін бөлу бойынша пилоттық жоба бастауды ұсынды:

— Партияның орталық аппаратының тапсырмасы бойынша, пилоттық жоба негізінде, біз филиал төрағасы болып аудан әкімі емес, босатылған тұлға болатын ауданды таптық. Бұл атқарушы органдары негізінен облыс орталығында орналасқан Павлодар ауданы болмақ. Аудан өзінің сан қырлы экономикасымен де танымал, — деді Болат Бақауов.

Аудандық филиал төрағасы Жанат Шұғаев партияластарын орын алып жатқан өзгерістерге көңіл аударып, бастауыш партия ұйымдарының әлеуетін барынша арттырып, әр мүшесінің партиялық жауапкершілігін күшейтіп, олардың арасынан көшбасшыларды анықтауға тапсырма берді.

Сондай-ақ аудандық филиал төрағасы өкінішке орай, қоғамда масылдық белең алып жатқанын атап өтті. Оңтүстік өңірде зәулім үйлерде тұрып, қымбат көлік мініп жүре тұра, АӘК алып отырған оқиғалар анықталғанын мысал ретінде келтірді.

«Nur Otan» партиясының белсенді мүшелерін барынша топтастыру керек. Ел аумағында бір миллион адамның басын қосып отырған бес жарым мыңнан аса бастауыш партия ұйымдары бар. Олардың жұмыстарын белсендендіру үшін партия қатарларын қайта қарап, партиялықтар арасында ғана емес, үкіметтік емес ұйымдардағы азаматтық белсенділер арасынан да көшбасшыларды анықтап, оларға жұмыс жасауға мүмкіндік құру қажет, — деп атап өтті партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Вера Гейнц.

Айта кету керек, ауданымызда бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті. БПҰ шыққандар мен қабылданғандардың тізімі тексерілуде. Соңғы мәліметтер бойынша, аудан көлемінде бір жарым мыңнан аса нұротандық бар, ендігі басты міндет – солардың арасынан көшбасшыларды анықтап, әлеуеттерін жұмылдыру