ПАРТИЯ ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ

«Халыққа көмек» партиялық жобасын жүзеге асыру аясында, бейсенбі күні «Nur Otan» партиясы Павлодар аудандық филиалы қоғамдық қабылдауында, мемлекеттік органдар өкілдерінің (прокуратура, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, аудандық әділет басқармасы), сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталығы және «Атамекен» кәсіпкерлер Ұлттық палатасының қатысуымен ашық есік күні өтті.

 

Новочерноярка, Жаңа қала, Розовка, Красноармейка, Заря ауылдарынан келген адамдар сауалдары бойынша кеңестер алды. Тұрғындарды тұрғын үй кезегі, жобаны жүзеге асыру үшін инвестор табу, Сычевка ауылында балалар алаңының құрылысы, құжаттандыру және өзге де мәселелер қызықтырды.

Айта кету керек, бұл жоба Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған. Атап айтқанда, Тұңғыш президент «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде халықтың басындағы және қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты жедел әрекет ету керектігін айтып, «Халыққа көмек» жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын.