Президент Жолдауын түсіндірді

Апта басында, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында қойылған міндеттердің маңызын екшеп, халыққа кеңінен насихаттау үшін облыстық ақпараттық-насихат тобы Павлодар ауданында іс- сапармен келген болатын.

Павлодар облысы индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғанибет Әубәкіров бастаған топ әуелі Заңғар ауылы халқымен жүздесті. Заңғар ЖОББ мектебінің базасында өткен жиынға ауыл тұрғындары, мұғалімдер, жастар қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы тұңғыш Жолдауында заман талабына сай тиімді мемлекет құрудың бес міндетін атап көрсеткен болатын. Ақпараттық топ Жолдауда міндеттелген барлық бағыттарды айшықтап, әркім өз саласы бойынша жеке-жеке тоқталып өтті.

– Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында елімізде түрлі шаралар қолға алынуда. Біз билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату негізінде ғана мемлекет ісі алға басатынын ескеруіміз қажет. Жолдауда айтылған қоғамдық диалогтың мақсаты — биліктің жоғары деңгейдегі ашықтығы және халық қажеттіліктерін қанағаттандыруға жедел жауап беру деп ойлаймыз, – деді Ғанибет Қанатұлы. Әрі қарай сөз алған ПМПУ ректорының ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Александр Свидерский болса: Бұл жолғы Жолдау қоғамның мемлекетке деген сенімін арттыруға, ұлттық мүддені өрістету сияқты жұмыстарды қарқынды іске асыру жолдарын ұсынып отыр, — дей келе ғылым- білім саласындағы өзекті мәселелерді тізіп көрсетті.

– Бүгінгі таңда біздің университет түлектерінің басым көпшілігі жұмыспен қамтылған. Жолдауында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейге көтеру керектігін айтқан болатын. Сондықтан Үкімет келесі жылдан бастап аталған бағдарламаға 20 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлетін болады. Мұның барлығы ауылдың әлеуетін жақсартуға бағытталған шаралар, – деген пікір білдірді. Сондай-ақ мұғалімдер тара­пынан туындаған бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Заңғар ауылында болған келелі кездесуден кейін Жолдау жүгін арқалаған облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Луганск ауылына бет алды. Мұнда олар маңызды құжатты тұрғындармен бірге талқылады. Топ мүшелері медицина, білім, мәдениет саласы бойынша Жолдаудан үзінділер оқып, халыққа ақпарат берді. Түсіндірме топтың ішінде По­лиция департаментінің бөлім басшысы Арман Бекішев болды. Ол азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған баяндамасын оқыды.

– Облысымызда «Жолда қабылдау», «Азаматтарды жеке қабылдау» сияқты шаралар жиі ұйымдастырылады. «Бірыңғай сенім телефоны» да тәулік бойы жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауына тоқталатын болсақ, мұнда азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігіне баса назар аударылған. Әсіресе жыныстық зорлық-зомбылық, адам саудасы, есірткі тарату, балаларға қатысты қылмыстарға жазаны қатаңдату қажеттігін атап көрсетті, – деді Арман Ғұмарұлы. Әрі қарай, жиналған қауым еліміздегі маңызды мәселелерді талқылап, Жолдауда қойылған міндеттемелерді орындау бағытындағы Үкімет қабылдаған шаралар жөнінде әңгіме өрбітті. Жиын соңында, қатысушылар еліміздің әрбір азаматы бар-күш жігерін Президент Жолдауында белгілеген міндеттерді іске асыруға жұмсау керек деген қорытындыға келді.