Сайлауға 3 күн қалды

9-маусым күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауы қарсаңында Павлодар аудандық аумақтық сайлау комиссиясының отырысында дауыс беру күніне дайындық жұмыстары пысықталды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы 9 маусым күні барлық сайлау учаскелері таңертеңгі 7-ден ашылып, кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейтіндігін атап өтті.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының отырысына ұзақ мерзімді бақылаушы, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын бақылау бойынша ЕҚЫҰ миссиясының өкілі Виктор Пазински мен өзге де бақылаушылар қатысқан болатын. Аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Айымгүл Таласованың мәліметінше, Павлодар ауданы бойынша жалпы дауыс берушілер саны соңғы деректер бойынша, 19334 адам, оның ішінде 231 азамат алғаш рет дауыс береді.

Бірлескен жұмыс сапалы жүргізілуі үшін барлық учаскелік сайлау комиссияларына кураторлар бекітіліп, ауданның төрт бағыты бойынша ұйымдастыру-дайындық жұмыстары жүргізілді. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ҚР Мемлекеттік қызмет академиясының филиалы жанында  учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерін сайлау заңнамасы бойынша оқыту жұмыстарын өткізді.

Аудандық сайлау комиссиясы мүшесі Тоқтасын Қожахметов учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын үйлестіру бойынша атқарылған істер төңірегінде сөз қозғады. Ол Набережное, Черноярка мен Чернорецк бағытындағы учаскелік сайлау комиссияларын өзінің бақылауына алыпты. Жұмыстың осындай тәртібі бірқатар кемшіліктерді жойып, жалпы сайлауалды дайындықты сапалы жүргізуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сансызбай Әкімбеков биылғы сайлау кезінде ерекше қажеттіліктері бар жандардың дауыс беруіне жағдай жасалғандығын ескертті. Бұл үшін барлық сайлау учаскелерінде көзінің көру кемшілігі, не құлағының кемістігі, не қозғалу мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы кеңейтілген дауыс беру кабиналары, құлаққап пен үлкейткіш әйнектер қойылған.

Одан бөлек, сайлау күні қарсаңында 7 маусымнан бастап, Қазақстан полициясы қызметкерлері күшейтілген режимге ауысатыны белгілі. Павлодар ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі де өрт пен өзге де табиғи апаттарды болдырмау мақсатында округтік сайлау учаскелерін бақылауға алатын болады. Ауылды жерлерде дауыс берушілерге сайлауға шақыру билеттері таратылып, алғашқы дауыс берушілер мен ерте келіп, бірінші дауыс беретін азаматтарға сыйлықтар қарастырылған.

 

Рабия ЕРАЛЫ