Сары қымыз сапырып

Ауданда қымыз саууды алғашқы болып қолға алған кәсіпкерлердің бірі Тұрсынхан Іспаев. Ол Заря ауылдық округіндегі «Тұрар» ШҚ басшысы. Бүгінгі күні бұл аудандағы қысы-жазы бие сауып келе жатқан саусақпен санарлықтай шаруашылықтардың бірі. Мұнда жазда қырық бие байлап, күніне 200 литр қымыз жасайды. Ал қысқы мерзімде байланатын бие саны екі есе аз. Дегенменен, бұл қожалық сауда ісін қысқы мерзімде де тоқтатқан емес.

Қазіргі уақыт шаруа қожалығы үшін жұмыстың нағыз қызған кезі. Өйткені, қымызға сұраныс артып, ауызашарларға тапсырыс түсе бастаған уақыт. Мұнда үш сауыншы биелерді сағат сайын күніне он рет сауады. «Тұрар» шаруа қожалығына барған кезімізде сауыншы Алмагүл Уахыт саумал сауып жүр екен. Ал қымызды дайындау ісімен Қуанхан Уахыт айналысады. Қымызды баптап, оның дәмін келтіруді ол тәжірибелі қымызшылардан үйреніп алған. Кезекпен жұмыс істейтін екі жылқышы Болат Досов пен Азамат Оспанов өзге жылқыларды бағады. Шаруа қожалығындағы жылқының жалпы саны 400-ден асады. Осыдан жеті жыл бұрын қымыз жасау ісін қолға алмақ болған кәсіпкер алғашында он бие байлаған. Бірте-бірте ісін кеңейтіп, қожалықтың атауы жазылған арнайы жапсырма қағаздары бар құтыларға құйып, облыс орталығындағы «Кооператор» дүкенінде сата бастады. Дүкенде қымыз 500 теңгеден сатылады. «Тұрар» ШҚ ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің тұрақты қатысушысы. Осында ол күніне шамамен 70-80 литр қымыз әкеліп, оны 400 теңгеден сатады. Қымыздың ежелгі дайындалу әдісін сақтап, сапалы қымыз дайындай білгені үшін көптеген тұтынушылар бұл қожалықтың қымызын іздеп жүріп сатып алатын болды. Бұл көп жылғы еңбек пен төгілген тердің нәтижесі.

Шаруа қожалығы басшысы Тұрсынхан Әбілтайұлының айтуынша, шаруашылық шөп шабу науқанына алғашқылардың бірі болып кіріскен. Қазіргі уақытта 200 тонна шөп үюлі тұр. Сонымен қатар тағы да 800 тоннаға жуық шөп шабылып, оны жинап жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Шаруалардың жоспарлауы бойынша бұл шөп қысқыға артығымен жетуі тиіс. Шабындықта он механизатор жұмыс істеуде. Негізінен шөп осындағы жеті трактормен шабылып жиналуда. Осындағы жылқыдан басқа, екі мың бас қой, үш жүз бастан аса ірі қара малға 1200 тонна шөп қажет. Дегенмен, қыстың көзі қырауда. Сондықтан да мал азығын артығымен қамтамасыз етіп үйренген дұрыс. Мысалы, былтырғы қары қалың түскен қыста мал азығын дайындауға немқұрайлы қараған шаруалар жануарлардың обалына қалып, бірталай мал басын қырып алды. «Тұрар» шаруашылығы сол кезде артығымен қамданған шөбінің арқасында малын қыстан шығынсыз алып шықты.

Шаруашылықтың иелігінде 1596 гектар жер бар. Оның 739 гектары егістік. Жайылым 546 гектар. Ал шөп шабуға 311 гектар жер қарастырылған. Былтырғы жылы шаруа қожалығы 47 тонна қымыз тапсырып, кәсіпкерлердің ісін қолдау үшін мемлекет тарапынан 2 млн. 800 мың теңге  субсидия бөлінді. Сонымен қатар, 54 тонна қой етін тапсырып, 2 млн. 700 мың теңге субсидия алды. Жылқы етінің 89 тоннасын тапсырып, 8,2 млн. теңге субсидия алды. Байқап отырғанымыздай, мемлекет тарапынан бөлінген қаражат аз емес. Бұл ауыл шаруашылығы саласында өзінің ісін бастауға ниеттеніп жүрген болашақ кәсіпкерлердің құлағына алтын сырға.

«Тұрар» шаруа қожалығы келешекте мал санын көбейтуді мақсат етеді. Шаруашылықтың негізгі ісі – малды сойып тапсыру. Қожалық басшысы келешекте қымыз дайындау ісін кеңейтіп, бұл өніммен халықаралық нарыққа шыққысы келеді. Әзірше облыс орталығы мен Астанадан түсетін тапсырыстар бойынша жұмыс істеуде. Ауырсаң дәрі, ішсең ас болған қазақтың қасиетті сусыны кеңінен насихатталса екен. Жер-жерде саңырауқұлақша көбейген сыраханалардың орнына, қымызханалар бой көтеріп, шипалы сусынға қоғамның назары аударылса игі.