Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Аудан бойынша, биыл 125 түлек алтын ұя мектебімен қош айтысып, үлкен өмірге жолдама алды. Мичурино ауылының орта мектебінде өткен соңғы қоңырау шарасына аудан әкімі Жанат Шұғаев қатысып, түлектерге сәт, сапар тіледі. Мектепте оқып үйренген білімнің сыналар шағы да жақындап келеді. Алдын-ала болжам бойынша, бірыңғай ұлттық тестілеуді Павлодар ауданының түлектері алғашқылардың бірі болып тапсырады. Биылғы жылы Мичурино мектебін алты 11-сынып оқушысы бітіріп, олардың тең жартысы ҰБТ тапсыратын болыпты. Мамыр айында өткізілген алдын-ала тестілеу қорытындысы бойынша, түлектер орта есеппен 78 балл жинапты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 балға артық. Түлектерді мектеп бітіруімен құттықтаған аудан басшысы оларға жоғары оқу орнына түсіп, ата-ана үмітін ақтауларын тіледі.

— Түлектер, сіздер алтын ұя мектептеріңмен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрсыңдар. Сендерге сәт, сапар болсын, әрі алдағы күрделі сынақ — бірыңғай ұлттық тестілеуді ойдағыдай тапсырыңдар, — деп Жанат Рашитұлы жүрекжарды лебізін білдірді.

Мектеп директоры Айнаш Абдыманова сөз алып, оқуда жетістікке жеткен бірқатар үздік оқушыларды атап өтті. Олардың қатарында Светлана Матвеева да бар. Ол өзге ұлт өкілі болғанымен, қазақ тілін қандастарымыздан кем білмейді. Бала күнінен тіл үйренуге қызығушылығы көп болған Светлана мемлекеттік тілді жетік меңгеріп алды. Биыл ол облыстық пән олимпиадасының ІІІ орын иегері атанды. Білімге құштарлығы үшін оған аудан әкімінен ұялы телефон сыйға берілді. Сол сияқты Амангелді Мұхамедәлі де өнерлі, әрі білімді балалардың бірі. Таяуда ол Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық олимпиадаға жолдама алған. Ол 9-сынып оқушылары арасында өткен пән олимпиадасының екінші кезеңінен мүдірмей өткен. Енді өзі сияқты 40 оқушымен Елордада сынға түспек. Жалпы, ауыл мектептері арасындағы республикалық IQanat олимпиадасында еліміздің түкпір-түкпірінен 700 шәкірт қатысады.  Осындай дарынды балалар ауыл мектептерінде өте көп. Бұл алдымен ұстаздарымыздың ерен еңбегі.

Соңғы қоңырау соғылысымен, әр түлектің асқақ арманын арқалаған ақ шарлар аспанда қалықтап ұшып кетті. Түлектер мектептің соңғы вальсін билеп, 11 жыл білім берген мұғалімдерімен қоштасты.

 

Дариға АБАЙ

Фото автордікі