Таңдау жасалды

Елімізде алтыншы мәрте өткен Президент сайлауына Павлодар ауданының тұрғындары белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады. Біз Красноармейка және Новоямышево ауылдарындағы №397 және №409 сайлау учаскелерінің жұмысымен танысып қайттық.

Дауыс беру үшін сайлаушылар таңертеңнен ерте сайлау учаскелеріне келіп, азаматтық парыздарын орындауға асықты. Азаннан сіркіреген жауынға қарамай, он шақты адам Красноармейка ауылының Мәдениет үйінің ішінде орналасқан сайлау учаскесінің ашылуын күтіп тұрды. Сағат 7.00-де участок ашылысымен, Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалып, сайлаушыларға дауыс беруге мүмкіндік берілді. Алғашқы дауыс берушілердің бірі – Ризана Сейілова болды.

Мен қалаға жұмыстарыммен шығып барамын. Сондықтан, бөгеліп қалып, кейін дауыс беруге үлгермей қаламын ба деп, сайлау учаскесіне ертерек келдім. Енді дауыс берген соң, өз жұмыстарыммен асықпай жүруге болады. Бұл барлық қазақстандықтар үшін ерекше маңызды күн ғой, – деп Ризана өз ойымен бөлісті.

Отбасыларымен бірге сайлауға ерте келген дауыс берушілер де  көп болды. Еңкейген қариядан бастап, жастарға дейін көтеріңкі көңіл-күймен дауыс беруге келіп, өз таңдауларын жасады.

Сайлау барысының дұрыс өтуін кандидаттардың сенімді өкілдері, бақылаушылар қарап отырды.

Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Дүйсеновтың айтуынша, алғашқы рет дауыс беруші азаматтардың басым көпшілігі осы Красноармейка ауылында екен. Осы жолғы Президент сайлауына 18 жасқа толқан 24 бозбала мен бойжеткен қатысты. Олардың барлығына шағын сыйлықтар беріліп, таңдау жасайтын жасқа жеткеніне байланысты құттықтаулар айтылды.

Осындай бозбалалардың бірі Қызылордадан Красноармейкаға оқуға келген Бағымаш Тұрымбет.  Ол Красноармейка аграрлы-техникалық колледжінің III курс студенті.

Біздің колледжден дауыс беруге келген өзім сияқты жастар өте көп. Осы колледжде ветеринария мамандығы бойынша оқып жүрмін. Бұл менің қатысып отырған алғашқы сайлауым, – деп бозбала өз қуанышын білдірді.

Новоямышево ауылында да сайлау қалыпты өткен болатын. Мұнда таңертең сайлау учаскесі ашылысымен, дауыс беруге келген азаматтар, әсіресе, көп екен. Ауылды жер болғандықтан, әдетте өріске малын шығарған соң, тұрғындар бірден дауыс беруге келеді. Ең бірінші болып үлгерген сайлаушыларға учаскелік сайлау комиссиясы тарапынан сыйлықтар табысталды.

Біздің участок бойынша төрт адам биыл алғашқы рет дауыс береді. Олар таңертең ерте келіп, өз таңдауларын жасады. Одан бөлек, алты адам денсаулық жағдайына байланысты үйде дауыс береді. Оларға арнайы дауыс беру жәшігі дайындалып, өз азаматтық парыздарын орындауға барлық жағдай жасалды, – дейді учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Саян Баужанов.

Осылайша, Павлодар ауданының 17729 сайлаушысы дауыс берген, бұл 91%. Жалпы, Павлодар облысы бойынша сайлаушылардың қатысуы 81,2% болды. Орталық сайлау комиссиясының соңғы қорытындысы бойынша, қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96 процент, немесе 6 539 715 дауыс жинап, сайлауда жеңіске жетті. Жамбыл Ахметбеков — 167 649 дауыс жинап, 1,82% еншіледі, Дания Еспаеваға — 465 714 сайлаушы дауыс беріп, 5,05% жинады, Әміржан Қосановқа — 1 495 401 дауыс беріліп, ол 16,23%-ке ие болды, Төлеутай Рахымбековты 280 451 адам қолдады, ол  3,04%, Амангелді Таспихов — 182 898 дауыс жинап, 1,98%, ал Садыбек Түгел — 84 582 дауыс, немесе – 0,92% жинады.

Өз тілшіміз