Туған ауылыма еңбек етемін!

Медицинада науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін орта буын қызметкері — медбике. Медбике жаны қиналып жатқан науқаспен күні-түні бірге болып, жиі қарым-қатынас жасап, олардың көңіл-күйіне әсер ететін жанкешті абзал жандардың бірі. Атына заты сай Заря ауылының медбикесі Әсем Жаманбаева жайлы сөз етпекпіз.

Отбасымен бірге туған өлкесі Заря ауылына келіп тұрақтаған Әсем Аманбекқызы жергілікті медицина амбулаториясында медбике болып, науқастарға жәрдемдесіп жүргеніне үш жыл болды. Президент жолдауының «Дипломмен ауылға» атты бағдарламасы жайлы біліп, былтырдан бері осы бағдарлама шеңберінде жұмыс істеп келеді. Ойын іске асыруға жәрдемдескен аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы Бахытты Қарабаева. Медицина саласын жаны қалап таңдаған жас маман туған ауылындағы денсаулық сақтау саласының дамуына өзінің үлесін қосқысы келеді. Бізбен сұхбаттасқанында ол: «Бұл бағдарлама жас мамандардың аяққа тұрып, орнығып кетуі үшін өте қажет. Мысалы, ауылдан келген студенттердің көбі университетті бітірген соң, қалада мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды немесе жұмыс тапса, баспана таба алмай сандалады. Ал «Дипломмен ауылға» жобасы бұл сұрақтарды бірден шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, туған ауылыңа оралып еңбек еткенге не жетсін! Мен бағдарлама аясында отбасыма тұрғын-үй мен көтерме төлемақы көмегін алдым» деп, өз сөзімен мемлекет ұсынған жобаның жер-жерде нақты жұмыс жасап жатқанын тағы бір дәлелдеді. Шынымен де, бағдарламаның ұтқыр қырлары көп. Әсем Аманбекқызы Павлодар қаласындағы медицина колледжінің жалпы-тәжірибелі медбике мамандығын бітіре сала, облыс орталығында медбикелік тәжірибесін молайтып, туған өңірінде тиімді бағдарламамен жұмысын жалғастыруда. Медбике болып қалыптасу үшін кейіпкеріміз өз тәжірибесін облыс орталығындағы «Дента-мед» атты тіс емдеу емханасынан бастады. Мұнда ол медбикелік мамандық бойынша екі жыл қызмет еткен. Содан қалалық жұқпалы аурулар емханасына палата медбикесі қызметіне орналасады. Ақ халатты абзал жан осы емханаға түрлі сырқатпен түскен балалардың жанын арашалауға жәрдемдесіп, өзі де мұндағы тәжірибелі мамандардан ақыл-кеңес алады. Медбикелік жұмыс қиын болса да, емделген бүлдіршіннің көзіндегі қуанышын көргенде, бұл салада бекер жүрмегенін түсінеді. Жуырда ғана 121 мың теңге сомасында көтерме қаражат алды.

Амбулатория күніне он адамнан аса науқас қабылдайды. Ауыл адамдары ауруханаға жатқанды ұната қоймайды. Сондықтан да амбулаторияға келіп ем іздейді. Әр емделушінің көңілін табу, сырқатына шипа болар дәрі-дәрмектерді дұрыс ұсыну медбике үшін күнделікті жұмыс. Осыған дәлел ретінде зарялық Николаевтар отбасын айтуға болады. Николай Викторовичпен пен Клавдия Пантелеевна тек осы медбикенің ғана қолынан ем алуға рұқсатын береді. Олар ине салуды да, қан қысымын өлшеуді де, қандай да болсын дәрілік затты оның қолынан ішкенді ұнатады. Амбулатория ұжымы да ол жөнінде жақсы көзқараста. Отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның аға медбикесі Елена Серенко «Әсем жас маман болғанымен үйренушілік, талпынушылық қасиеттері бар. Келешегі мол маман десем артық емес», дейді жас әріптесі жайында. Әңгіме барысында кейіпкеріміз келешек жөніндегі пайымдарын жеткізді. Болашақта фармавцетика саласын мықтап меңгеріп, өзінің жеке дәріханасын ашуды ойлап жүр.

Жұмыс пен жеке өмірін қатар ұштастырған ол, отбасы құрып, жолдасы Азаматпен үш бала тәрбиелеп отыр. Отбасында сүйікті жар, жұмыста білікті маман Айнұр, Даяна және Мұхаммедхан есімді балалардың анасы. Туған-туысқандары үшін кейіпкеріміз «жедел жәрдем» іспеттес. Ауырса болғаны, бірден 103-ке емес, медбикеге кеңес сұрап хабарласады. «Ең бастысы, менің кеңестерім біреудің ауырып, қиналғанын жеңілдетіп, сауығып кетуіне жәрдемдеседі», — дейді ол. Әсемнің кіші сіңлісі Гүлсүм әпкесінің жолын қуып, медицина саласын меңгеруде. Ол жоғары дәрежелі маман болып, емделушілерге өз қол ұшын беруге жарайтынына кәміл сенімді.