Футбол алаңы ашылды

Жаңачерноярка ауылында Балаларды қорғау күнінде заманауи, жасанды төсемесі бар футбол алаңы ашылды. Жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келген футбол алаңының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Жанат Шұғаев қатысты.

Былтырғы жылдың соңында ашылған жаңа дәрігерлік амбулаторияның жанында таяуда футбол алаңы орнатылды. Енді мектеп, амбулатория, мұз айдыны мен футбол алаңы іргелес орналасып, ауылдың көркін келтіріп тұр. Жаңа футбол алаңының құрылысына аудандық бюджеттен 16 млн. теңге жұмсалды. Мемлекеттік сатып алу арқылы конкурсты ұтып алған мердігер компания аймағымызда белгілі «Цитадель» ЖШС болып шықты. Нысанды тура бір айдан кейін қолданысқа тапсырып, жұмыстарын сапалы орындаған көрінеді. Аудан басшысы мердігерлерге шұғыл әрі сапалы жұмыс істегендері үшін алғысын білдірді.

Жаңа салынған алаңның аумағы 1500 шаршы метр, ол резеңке қоқымы араласқан жасанды төсемемен жабылған. Алаңның айналасында сегіз шам орнатылып, жастарға кешкі уақытта да футбол ойнауға жағдай жасалды.

Енді бұл ауылдың жастары заманауи хоккей корты мен футбол алаңында ойнай алады. Бұл жұмыстар ауыл жастарын спортқа тартып, денсаулығын нығайтып, таза ауада бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Бұл нысанның жаздың алғашқы күнінде ашылғанының өзі есте қаларлық оқиға. Алдағы жазғы демалыстарың қызықты, әрі пайдалы өтуіне тілектеспін, – деп аудан әкімі өзінің тілегін білдірді.

Жаңачернояркалық жастар осыған дейін де спортқа біртабан жақын еді, енді тіпті жақсы көрсеткіштерге жетулеріне мүмкіндік бар. Осыған дейін олар көрші ауылдармен шеберлік сынасып, футбол турнирлеріне жиі қатысып тұратын. Бұл жолы да ауылда жаңа футбол алаңының ашылатынын естісімен, Мичурино мен Сычевка ауылдарынан спорт жанкүйерлері ашылу рәсіміне арнайы келіпті.

Ауылдастарын осындай есте қаларлық күнмен аудандық мәслихат депутаты Дмитрий Корепанов та құттықтаған болатын.

– Футбол алаңының ашылуы мерекелі күнмен қатар келіп отыр. Ауыл көркейіп, дамып келеді! Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, жағдайын жақсарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бір жылдың ішінде мұнда дәрігерлік амбулатория, хоккей корты және футбол алаңы ашылды. Сондықтан, сіздер спортпен шұғылданып, денсаулықтарыңызды күте аласыздар. Сіздер үшін ауылда жайлы жағдай жасалуда. Бұл сіздерге арналады, – деп сөзін ауыл жастарына арнады.

Ашылу рәсімінен кейін, 7 мен 14 жас, 15 пен 18 жас және 18 бен 30 жасқа дейінгі жастар болып бөлініп, үш команда құралды. Достық кездесуде бірінші болып жасы кішілер бақ сынады. Қақпаға алғашқы гол соққан балалар бұл күні командаларына қуаныш сыйлады.

 

Өз тілшіміз