«Шабыт» жеңіспен оралды

Красноармейка балалар Өнер мектебінің «Шабыт» бишілер тобы ақпан айының 23-і күні Астана қаласында  өткен II Халықаралық  «Mega Festival Kz» сайысына қатысып, жүлделі I-ші орынды иеленіп қайтты. Осылайша тағы бір халықаралық дәрежедегі жүлдені қанжығасына байлаған ұжым үздік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Аталмыш сайыста Республикамызға белгілі өз ісінің шеберлері қазылық етті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған бишілер тобы аса дайындықпен келген көрінеді. Биші қыздарымыздың айтуынша, жеңіс оңайға келмеген. Тіпті, іріктеу кезеңі де қиынға соққан. Сөйте тұра, «Шабыттың» бишілері барын салып, аянып қалмады.

Сайысқа қатысқан 14 биші қыздарымыздың осындай жетістікке жеткендігі ұстаздары Талғат Хансүреннің  елеулі  еңбегі деп біледі. «Кемені суға жіберу — бір жұмыс, ал оны жүздіру – мүлдем басқа жұмыс», — деп осындайды айтса керек.

Тағы бір  ауыз толтыра айта кетерлігі, аса жауапты конкурста ата-аналардың қолдауы, үлкен көмек. Мектеп ұжымы әу баста конкурс жайында сөз болғанда, ата-аналардың бір ауыздан: «Қолдан келгенше, біз де көмек береміз», — деп көрегенділіктерін көрсетіпті. Астана қаласына Ардақ Мұхаметалина, Гүлсім Байызбаева, Нүрилә Әлмұратова сынды ата-аналар  биші қыздармен бірге барды. Сахнаға шығар алдында, бишілердің көркіне, киіміне мән беріп, дайындық жүргізді. «Баласы бәйгеге шапса, анасы сахна сыртында тақымын қысып» жан-жақты қолдаудың арқасында, бишілер қанжығасы майланып, ауылға жүлдемен оралды.

Жеңімпаздарды жолдан ауыл әкімі Асылбек Вақпаев, Өнер мектебінің директоры Әсем Каппасова және бірнеше ата-аналар ерекше сән-салтанатымен қарсы алды. Қуанышқа толы жүздер үлкен толқыныспен табысты.

Кездесу ауыл әкімінің сыйлығы  ретінде, алдын-ала тапсырыс берілген ыстық  кәуаппен   жалғасын тапты. Барлығы дән риза болып қалысты. Осындай  толайым табыстар көп болғай!

 

Өз тілшіміз