Шаруалар мәселесі назарға алынды

Ауданымызға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам Пішенбаев жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімі Жанат Шұғаевпен бірге Мичуриндегі су құбыры құрылысы, Чернояркадағы ауылдық дәрігерлік амбулатория, білім ошағы сынды бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, осы ауылға қарасты «Арман», «Андрей» шаруа қожалықтарының өкілдерімен жүздесіп, мәселелерін қаперге алды, сондай-ақ Луганск елді мекеніндегі ауылмен аттас өндірістік кооператив басшысымен кездесіп, сүт-тауарлы ферма құрылысымен танысты.

 

Халық қалаулысы әсіресе, шаруа қожалықтарда ұзақ аялдады. Бұлардағы басты мәселе – биылдан бастап судың субсидияланбауы. Екі ай аптапта тіршілік нәріне деген қажеттілік артқан. Аудан әкімі Жанат Шұғаевтың айтуынша, облысымызда картоп қажеттіліктен төрт есе көп өндіріледі екен, сондықтан мал шаруашылығын субсидиялауға ден қойылуда.

Дегенмен, «Арман» шаруа қожалығы 66 гектар аумаққа сәбіздің голландиялық «Абака», «Каскад» сұрыптарын отырғызып, қазірде жиын-терім науқанына кірісіпті. Егіс даласында арнайы техника көмегімен қазылып, шөбінен ажыратылған сәбіздерді еңбеккерлер бірден іріктеп жинап, қаптарға буып-түйіп жатты. Сатуға келмейтін біраз өнімдерді мал азығы үшін де пайдалануға болады, осы ретте, шаруа қожалығы иелері болашақта көкөніс шаруашылығына қосымша мал шаруашылығымен айналысуды мақсат етіп отыр. Әзірге, қалдықтар егіс даласының құнарлылығын арттыруға өз септігін тигізуде.

Айта кету керек, «Арман» ШҚ басшылары ерлі-зайыпты Арман мен Ботакөз осыдан бес жыл бұрын қаладағы үй-жай, бизнестерін сатып, ауылға қоныс аударған. Шаруа қожалық ашып, мемлекеттік бағдарламалар көмегімен төмен пайызбен несие алып, істерін дөңгелетіп әкеткен. Сәбізден басқа, біраз картоп пен қызылша да егеді.

«Андрей» шаруа қожалығының басшысы Людмила Красникова былтыр алғаш рет 3 гектар жерде голландиялық пияз тұқымын өсіруді қолға алған екен. Жақсы сақталады, — дейді. Былтырғы өнімділігі — гектарынан 50 тоннаны құрапты. Жаз басы салқын болғаны пиязға біраз кесірін тигізген. Дегенмен, жақсы өнім күтуде. Әзірге аз көлемде отырғызып, тәжірибе жүзінде байқап көруді шешкен. Мұнда өнімдер қолмен жиналады. Ал осы өнімді Геннадий Андрейцев, Александр Бредихин үлкен көлемде отырғызып келеді. Олар арнайы техника сатып алып, соның көмегімен жинауға көшкен.

«Андрей» ШҚ сондай-ақ сәбіз, картоп еккен. Ауыспалы егіс әдісін қолданып, көкөністерді жинап алған соң, егіс алқабына қыша, қара бидай отырғызып, құнарлылығын арттырып отырады.

Шаруалармен 30 жыл бойы жауыр болған су сорғыш станция мәселесі көтеріліп, дренаж жүйесін қалпына келтіру ісі жайлы сөз қозғалды. Әйтпесе, бірінің жері сортаңданса, енді бірінікі батпаққа айналуда. Бұл ретте, олардың басын біріктіріп отырған «Черноярский 2016» АТК «Адис» АТК қарамағындағы су сорғыш станцияны сатып алып, дренаж жүйесін қалпына келтірсе, өз игіліктеріне қарай жұмыс жасау мүмкіндігі туар еді. Сондай-ақ, бірігіп техника алу ұсынысына көкөніс шаруашылығында әр күннің маңыздылығы алға тартылып, бұлай жасау тиімсіз дейді шаруалар. Осы ретте, «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген мақалымыз ойға оралады. Шаруалар басы бірікпей, мәселе оң шешім таппайтын көрінеді. Депутаттың айтуынша, жиын ашып, бастарын қосып, әр жыл сайын мәселені біртіндеп шешу қажет. Сондай-ақ, егіс алқаптарында тамшылай суару технологиясын қолданған тиімді, — дейді депутат.

Халық қалаулысы сонымен қатар, «Луганск» ӨК-нің 600 басқа арналып салынып жатқан сүт-тауарлы фермасын қарап шықты. Құны – 300 миллион теңге. Жұмыстар сәуір айынан бастап қолға алынған. Кооператив басшысы Петр Кузьменко былтыр дәл осындай ферма құрылысын тәмамдаған болатын. Білікті басшының айтуынша, несие, мемлекеттік бағдарламалар көмегінсіз-ақ барлық жұмыстарды өз қаражаттарына жасайды. Қазіргі таңда мұнда 7500 ірі қара бар. Етті-сүтті симментал тұқымына басымдық беріліп келеді. Сиырлар заманауи «Елочка» сауу құрылғысы арқылы сауылады. Бір сиырдан күніне орта есеппен 18 литр сүт алынады. Жылына бес мың тонна шамасында. Тәулігіне кооператив сиырларынан орта есеппен 22 тонна ақ алынады және «Сүт» АҚ, «Арлан» ЖШС, «МолКОМ-Павлодар» зауыттарына тапсырылады. Сондай-ақ, жылына 1200 бас мал етке өткізіледі.

Кооперативте 250 адам жұмыс жасайды, жалақылары орта есеппен 90 мың теңге. Ал сауыншылары 150000-170000 теңге шамасында айлық алады. Дегенмен, кадрлар мәселесі өте өткір тұр мұнда. Шаруашылыққа малшы, сауыншы, механизатор, дәнекерлеуші, құрылысшы, электрик, т.б. жұмыскерлер қажет.