Шатыры жаңартылады

Павлодар ауданы әкімінің есептік кездесулерінің бірінде Жаңаямышево ауылы орта мектебінің ұстаздары ғимаратты жөндеу туралы сұраған болатын. Осыған дейін шатырынан тамшы ағып, берекесі қашқан мектептің жөндеуіне қаражат бөлініп, енді мердігерлер білім ордасында терезелерден бөлек, жаңа шатыр жабуға кірісті. Ұстаздар мен оқушылар қауымы мектепке аудан басшылығы тарапынан көрсетілген қолдауға дән риза.

Көп жылдан бері шатырынан жаңбыр тамшылап, су кабинеттерге дейін жететін еді. Мектеп өз күшімен жылда шатырдың жұмсақ жабындысын тегістегенімен, тамшылар бәрібір көп ұзамай өз жолын тауып, қабырғаларға да ағып тұратын. Мектеп басшылығы амалсыздан биылғы аудан әкімінің есептік кездесуінде бұл мәселені тағы да көтерген еді. Аудан әкімі мектептің жағдайын өз көзімен көріп, жөндеу жұмыстары қажет екендігін құптады. Бұл аудандағы ірі мектептердің бірі болғандықтан, жуырда қолдау көрсетілетінін айтқан болатын.

Сөйтіп, аудандық бюджеттен 14 млн теңге бөлініп, 1800 шаршы см шатырдың жұмсақ жабындысы ауыстырылатын болды. Мердігер «Ende AVOUR ПВ» ЖШС шатырды ауыстыру жұмыстарына алдағы бір-екі күнде кірісетін болады.

Біз оқу жылының аяқталғанын күттік. Өйткені балалардың қауіпсіздігін ойладық. Шатыр ауыстыру кезінде мектепте балалардың болмағаны дұрыс. Сондықтан, жазғы балалар демалысына байланысты іс-шаралар толық аяқталысымен, жөндеу жұмыстары басталады. Әзірше мектептің терезелері ауыстырылды. Енді мектеп іші жарық, әрі бұрыңғыдан әлдеқайда кеңірек көрінеді – Деп, мектеп директоры Марина Елфимова мән-жайды түсіндіруде.

Терезелердің жаңартылған соң қысқы уақытта мектептің іші жылырақ болады. Әрі шатыр ауыстырылғаннан кейін, үшінші қабаттағы кабинеттердің күйі оңалады. Енді олар көктем мен күзгі уақытта төбеден саулаған судан қиналмай, сабақ өткізе алады. Одан бөлек, мектептің кіреберіс есігі де жаңартылды, ол мектеп басшылығының айтуынша, бұрынғысынан сапалы, әрі жылы.

Бұл біз үшін қуанышты жаңалық. Өйткені аудан басшысы мектептің апаттық жағдайдағы шатырын ауыстыруға қолдау көрсетті. Енді балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасалды. Сондай-ақ, балаларға мектеп ішінде дәретхана қойылды. Мектептің терезелері жаңартылды. Пластикалық терезелерді қолдану да ыңғайлы, әрі жылы болады деп ойлаймыз. Енді біз мектептің 30-шы түлектерін биылғы жылы шығарып салғалы тұрмыз. Осы айтулы күнге орай Мәдениет үйінде 14 маусымда түлектердің қоштасу кеші өтеді – деп, Марина Николаевна өз ойын жалғастырды.

Мектеп оқушыларының жетістіктері жаман емес, олар сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Мәселен, Жаңаямышевода оқитын 313 оқушының – 105-і оқу екпіндісі, ал 26 бала кілең «бестікке» білім алуда.

Өз тілшіміз