ІТ сыныбы — жаңа мүмкіндіктер алаңы

«Нұр Отан» партиясының Павлодар аудандық филиалы Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының іске асырылуына атсалысуда. Соның бір дәлелі ретінде Новоямышево ауылының жергілікті мектебінде жаңа IT сыныбы ашылды. Бұл ауданымыздағы аталған үлгідегі осымен екінші кабинет. Біріншісі Набережное ауылында орналасқан.

Білім беру жүйесін цифрландыру талаптарына бейімдеу қажеттілігін ескерсек, бұл міндетті жүзеге асыруда «IT сыныбы» үлкен көмек болмақ. Бастама оқушылардың түрлі байқауларға дайындалуға мүмкіндігін ашып, тың идеялар мен жаңа ізденістерге жол ашады. Мұнда оқушылар әртүрлі бағдарламалар арқылы білім көкжиегін кеңейтіп, түрлі компьютерлік, сонымен қатар, сабаққа қажетті бағдарламаларды құрастырмақ.

Аталмыш шараға аудан әкімі Жанат Шұғаев қатысты. Салтанатты түрде сыныптың «қызыл лентасын» қиып, оқушыларға ақ жол тіледі. Ал оқушылар болса, бірден парталарға отырып, алғашқы сабақтарын бастап та кетті. IT-сыныбы он компьютермен жабдықталған, оған қоса мұғалімнің жұмысы үшін тағы бір компьютер берілген. Балаларға заманауи бағдарламалау тілдерін жақында арнайы курстан өтіп келген Айсұлу Қалашова үйрететін болады. Жаңа технологиялармен жабдықталған кабинет жас таланттардың цифрлы технологияның тілін меңгеріп, инженерлік технология, химия-биология бағытында ғылыми-зерттеулермен айналысуларына, шәкірттердің дарынын ұштап, сандық технологиялар бағытындағы білімін арттыруға жол ашпақ.

Өз тілшіміз