Ғасыр жасаған кейуана

 

Қазақта «Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария» деген нақыл бар. Екі ғасырдың да өтпелі кезеңдерін бастан өткеріп, тар жол, тайғақ кешудің талайына куә болған ғасыр құрдастары жыл санап арамыздан алшақтап барады. Ақ жаулығы желбіреген әжелеріміз бен аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдар барда біздің ел тұғырынан таймасы анық. Шұғылалы көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Павлодар ауданының әкімі Жанат Шұғаев бастаған бір топ адам 100 жасты еңсерген, өңіріміздің ең егде тұрғыны Сапура Негмашанқызы Қанапиянованы әрі 8 наурызбен, әрі туған күнімен құттықтауға арнайы барып, кейуанамен дидарласып, оның қал-жағдайын біліп қайтты. Жүзін әжім әшекейлеген қария келген қонақтарды жарқын көңіл-күймен қарсы алды. Сапура әженің көңілі кіршіксіз таза, жүрегі жылы, пейілі дархан, шыншыл. Сондықтан болар, ғасыр жасаудың сыры адамгершіліктің кең болуында деген ой түйдік.

Табалдырықтан аттап, құтты болсын айта келген меймандарға ерекше мейірім, шапағатын төккен Сапура әжені көрген жандардың да көңілі нұрланып қоя берді. Сәл нәрсеге балаша қуанып, болмашыға өкпелеп қалатын кейуана өңір басшысы Жанат Рашитұлымен емен-жарқын сөйлесуге тырысты.

Дәл 8-наурыз күні өзінің бір ғасырлық мерейтойын тойлайтын ақ жаулықты қариямен қатар отырып, әңгімесін тыңдау да – ерекше әсер қалдырады екен. Бұл тарихи сәттің куәсі болып, ғасыр жасаған Сапура Негмашанқызының туған-жақындары үшін де бұл ерекше күн.

— Әжеміз өмір бойы осы Ольгинка ауылының ауыл шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосты. Атамыз Хамит екеуі де мал шаруашылығында көп жыл еңбек етті. Бес бала тәрбиелеп өсірді. Қандай қиыншылық болса да, баламен қатар, кеңшардың жұмысын да бірге алып жүрді, — деп әжейдің немересі Роза Латыпова таныстырып өтті.

Кәріліктің өзі дерт болғанымен, ешкімге ауыртпалығын түсірмеуге тырысатын әже жас күніндегі жұмысын әлі де сағынышпен еске алады.

— Сол кезде ең көтерем деген малды бізге беретін. Осы енді өспейді деп берсе де, үстінен салмағын қостырып, ширатып алатынбыз. Бұл үшін, әрине, біз күн демей, түн демей, жұмыс істедік. Сөйтіп, ел қатарлы болдық, — деп әже ағынан жарылды.

Отағасы Хамит Қанапиянов Ұлы Отан соғысының ардагері болатын. Ольгинка ауылында малшы болып жұмыс істеген. Сапура әже орта жасында жесір қалып, бүгінде өзі өсірген немересі Розаның қолында тұрып жатыр.

— Мен бала күнімнен әжемнің қолында өстім. Содан бері оны «мама» деп атаймын, ол мені «қызым» дейді. Анамдай маған жақын жан, — деп немересі әжесіне деген махаббатын жасырмады.

Аудан әкімі кейуананы ғасырлық туған күнімен құттықтап, сый-сияпатын табыстады. Көңіл бөліп, арнайы келген қонақтарға ризашылығын білдірген әже ақ батасын берді.

— Ең бастысы — елімізде бейбітшілік болсын. Басымыз аман, тыныштық болсын. Біздің көргенімізді көрмей, мендей жүз жасаңыздар, — деп Сапура әже тілегін айтты.

Бүгінде ақ жаулықты әже бес баласынан 16 немере сүйіп, 21 шөбере және бір шөпшегін маңдайынан иіскеп, бақытты кейуана атанып отыр. Оның өмірден көргені мен түйгені көп. 1919-1922 жылдардағы ашаршылық, одан кейін Ұлы Отан соғысы мен ұжымдастырудың сынағын бастан кешірген қарияның қайсарлығы көпке үлгі бола алады.

 

Өз тілшіміз