Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айзада Құрманова жұмыс сапарымен ауданымызда болды

 

Апта басында ауданымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айзада Құрманова осындай баға беріп кетті.
Аудан басшысы Жанат Шұғаев халық қалаулысын өңірімізде атқарылып жатқан ауқымды істермен таныстырды. Мемлекеттік қызметкерлер әуелі Мичурино ауылындағы «Жасыл ферма» ЖК-ға атбасын бұрды. Мұнда олар аймағымыз үшін жаңа жоба саналатын гидропондық тәсілмен шағынкөк өсіру технологиясымен танысты. «Жасыл ферма» компаниясының коммерциялық директоры Татьяна Ивакина нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерліктің алғышарттарын оқып, жобасын қорғаған. Аталмыш бағдарлама бойынша 6 % жылдық мөлшерлемемен 6 млн. теңгеге жабдықтар сатып алған. Тағы 8 млн. теңге өз қаражатын салып, былтыр жұмыстарын бастап кеткен.
Мичурино елді мекенінде бос тұрған ғимаратты жалға алып, гидропондық тәсілмен шағынкөк өсіруде. Дәлірек айтар болсақ, көкөніс, бұршақ тұқымдастар, дәнді дақылдар тұқымдарын арнайы жабдықталған бөлемеде өсіреді. Ерекшелігі – өсінділер топырақтан емес, пайдалы ерітіндіден нәр алып, қоректенеді. «Витграсс» бидай өсінділері шырыны алынады, шағынкөктің 20 түрі (руккола, насыбайгүл, бұршақ, күнбағыс, дайкон, шалғам, екпе шиырмақ, т.б.) өсіріледі. Осындай тәсілмен өсірілген минералдарға, дәрумендерге бай бұл өнімдерді ғаламтор арқылы саудалауда. Әсіресе, «Ертіс», «Дипломат» мейрамханаларымен байланыс орнатылып, өнімдерін өткізуде. Біздің қаладан басқа, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Алматы, Ақтөбе қалаларында филиалдары жұмыс жасауда. Болашақта жақын және алыс шетелдерге шығу жоспарда. Тек бизнестерін кеңейту үшін жеке инвестор табылса екен дейді. Тағы бір әттеген-айы – еліміздің аумағында, тіпті Ресейде гидропоника жөніндегі мамандар жоқтың қасы. Сондықтан, компания өкілдері Австралияға барып білім көкжиектерін кеңейтпек. Сондай-ақ, бұл болашақтың өнімі болғандықтан, әлі біздің миымызға қонымсыз, тұтынушыларымыз мұндай өнімдерге дайын емес дейді. Дегенмен, денсаулыққа аса пайдалы деп сендірген кәсіпкерлер еш қиындыққа қарамастан, болашаққа нық қадам жасамақ. Біздің өнімдерді тұтынушылардың 95%-ы жастар болуы тиіс дейді. Екі айлық курсы – 16 мың теңгені құрамақ. Нәтижесін де толық екі курсты тәмамдаған соң сезінуге болады дейді мамандар. Өнімдер тіпті рак секілді қауіпті ісік ауруларын емдеуде оң әсер ететін көрінеді. Сол секілді, кәсіпкерлер органикалық косметология өнімдерін жасап, адамдарға жан-жақты пайдалы қызмет ұсынбақ. Жуырда бидай өсінділері, қант және суды араластыру арқылы квас ойлап тапқан. Әлі де мұны жетілдіре түсіп, қантты басқа затпен алмастыруды көздеуде. Басты мақсат – халықтың денсаулығын жақсарту. Сондай-ақ, егер инвестор табылып, бизнес қанатын кеңге жаятын болса, бірқатар адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етеміз, — дейді.
Мәжіліс депутаты таңданысын жасырмады. Осы күннен бастап өзі де тұтынушысы болатынын жеткізді.