ҚАЗЫНА ЖАС БЕЛЕСІНДЕ

Ауданымыздың Құрметті азаматы Тоқтасын Қожахметов 70 жасқа толды. Мерейтой иесі аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімі Жанат Шұғаевтың, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко, облыстық және аудандық мәслихаттар, кәсіподақ, сайлау компаниясы, жергілікті ардагерлер ұйымы өкілдері және өңір қоғамшылдары тарапынан құрметке бөленіп, құттықтаулар қабыл алды.

Тоқтасын Антайұлын мерейтойымен құттықтай келген бұрынғы және қазіргі әріптестері оның ағалық қамқорлығын бөле атап, кезінде өздеріне көмек пен қолдау көрсеткен сәттерін еске алысты.

Мерейтой иесін алғашқы болып құттықтаған аудан әкімі Жанат Шұғаев бірге жұмыс жасаған жыл­дарын еске түсіріп, жеке қасиеттері мен кәсібилігіне жоғары баға берді:

— Бүгін ерекше күн, ел ағасы 70 жасқа толып отыр. Тоқтасын Антайұлы өзінің бүкіл саналы ғұмырын туған өңіріне қызмет етуге арнаған ауданымыздың нағыз патриоты, — деп атап өтіп, дәстүр бойынша, иығына шапан жауып, басына бөрік кигізді.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко жылы лебізін білдіріп:

— Тоқтасын Антайұлы партия құрылғаннан бастап қатарына еніп, адалдығын танытып келеді. Адам бір салада ұзақ жұмыс жасаса, демек, бұл оның сенімділігінің айғағы, ол қоғамдық ой көшбасшысына айналады. Тоқтасын Қожахметов «Nur Otan» партиясы барлық съездерінің деле­гаты болды, ол өте белсенді жан, әрдайым қайнаған оқиғалардың қақ ортасында, оны бәрі таниды, ол да бәрін біледі. Партияның орталық аппаратының атынан мерейтой иесіне зор алғысымызды білдіремін, — деді Илья Сергеевич.

Облыстық мәслихат депутаты Айман Оспанова, мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы Нұрлан Әутәліпов, облыстық және аудандық сайлау комиссиясы өкілдері Людмила Кабанцова және Сансызбай Әкімбеков бірінен соң бірі сахнаға көтеріліп, жүрекжарды тілектерін арнап жатты.

Аудандық мәслихат хатшысы Айтуған Шайхимов өз құттықтау сөзінде Тоқтасын Антайұлының әріптестері мен қызметтестері арасындағы беделінің жоғары екенін атап өтті.

Красноармейка аграрлы- техникалық колледж директоры Серік Жартыбаев мерейтой иесіне оқу ордасының алтын қорына енген алғашқы түлегі ретінде Құрмет грамотасын табыс етті.

Ардагерлеріміз жан жүректі елжіретер құттықтауларды арнады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Нина Чуланова, депутат Владимир Левченко, ауданымыздың Құрметті азаматы Зейнолла Сәлменбаев, облыстық ардагерлер кеңесі атынан Вла­димир Гуськов өз жүрекжарды лебіздерін арнады.

Естеріңізге сала кетсек, Тоқтасын Антайұлы еңбек жолын «Чернорецкий» кеңшарында (қазіргі Набережное ауылы) партия ұйымдастырушысы қызметінен бастап, Григорьевка ауылдық округі әкімшілігінің басшысы қызметіне дейін көтерілген. Кезінде аудандық партиялық бөлімше басшылығында тұрды. Набережное сайлау округінің депутаты болып сайланып, кейін аудандық мәслихат хатшылығы қызметіне алынған. 2014 жылы аудандық сайлау комиссиясы құрылғаннан бері Тоқтасын Антайұлын аудандық сайлау комиссиясының төрағасы, сондай-ақ сол жылы аудандық мемлекеттік қызметшілер кәсіподақ ұйымының төрағасы етіп сайлайды.

Қазына жас белесіне шыққан Тоқтасын Қожахметовтың әлі күнге дейін ауданымыздың ғана емес, облысымыздың қоғамдық я саяси өмірінде аса белсенділік танытып келе жатқаны қуантады. «Қарттары бар ел – қазынасы бар ел» демекші, ел ағалары аман болсын демекпіз!