Қарсылас шақ келтірмедік

Академик Қ.Сәтбаевтың 120 жылдығына арналған қала және аудан арасындағы спорттық- олимпиадалық, ұлттық және халықтық түрлері бойынша ұйымдастырылған ХХІІ облыстық кешенді спартакиадасында футбол бойынша Павлодар ауданы құрамасы үздік шығып, турнир кестесінің 1-сатысынан орын алды.

Финалға жолдама алған Ертіс және Павлодар ауданы құрамасы арасындағы тартысты кездесу бейсенбі күні «Жұлдыз» стадионында өтті. Матчтың алғашқы голын «павлодарлық» Александр Томаровский соғып, есепті ашты. Ізін ала, біздің ойыншыға қарсы тәртіп бұзылып, пенальтиге ие болдық. Әлбетте, әккі футболшы Мұрат Тілеуханов бұл мүмкіндікті сәтті пайдаланып, есепті еселеді.

Екінші таймда Павлодар ауда­ны командасы қарқынын үдетіп, «ертістіктер» қақпашысын әуреге салды. Ағайынды Мәди және Әділ Переписовтардың соққан голы қарсыластарды есеңгіретіп тастады. Олар тек алыс соққылармен жауап берумен шектелді. Әрі «есеп айырмасын азайтамыз» деген ойлары нәтижесіз аяқталып отырды. Ал кездесудің нүктесін Фарид Темірбаев қойды.

– Бірінші кезекте, бізді қолдауға келген жанкүйерлерді құттықтағым келеді. Сондай-ақ, жанкешті ойыны үшін футболшыларға алғыс білдіремін. Бірінші таймда 2:0 есебімен алға шықтық. Дегенмен оған аса қуана қойған жоқпыз. Себебі, жартылай финалда Ертіс командасы Успен ауданы командасын 10:1 есебімен осырата ұтқан болатын. Сондықтан, екінші таймнан көп үміт күттік. Ойынның екінші бөлігінде ойнау тәсілімізді өзгерттік, соның арқасында қақпамызға бірде-бір гол кіргізген жоқпыз,– дейді команда бапкері Марат Ахметов.

Футболдан облыстық жазғы спартакиада барысында көш бастаушы командалар арасындағы ойын өте қызықты өтті деп ауыз толтырып айтуымызға болады. Дәл осы күні таңертеңгілік уақытта «Ақтоғай» «Успеннен» 2:0 есебімен жеңіліп келе жатып, соңғы минутта қатарынан 5 гол салып жеңісті жұлып алды. Сөйтіп жарыстың қорытындысы бойынша, Павлодар ауданының құрамасы жеңіс тұғырына көтеріліп, кубок еншілесе; Ертіс ауданы құрамасы турнир кестесінің 2-ші орынын иеленді. Ал Успен футболшыларын тізе бүктірген Ақтоғай құрамасы үшінші сатыға табан тіреді.

Марапаттау рәсімі кезінде біздің команданың бойтұмары атанған Вячеслав Томаровский атты футболшының ұлы Владқа аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Ерболат Канкин ақшалай сыйлық табыс етті.

Әр ауылдан жиналған Павлодар ауданы құрамасы болашақта Республикалық әуесқой футбол лигасына қатысуды армандайды. Сондай-ақ, жағажай футболына қатысамыз деген жоспарлары да бар көрінеді. Білікті бапкердің айтуынша, ауданымызда жаттығу жасау үшін үлкен футболға шақталған алаңның жоқтығы қынжылтады екен. Өтінім беріліп қойған, бірақ қашан шешім шығаратыны әзірге белгісіз екен. Жерлестеріміздің осы жеңісінен кейін аудан басшылығы бұл мәселені бей-жай қалдырмайды деп сенеміз.