ҚИЯР КЕЛІСІ 100 ТЕҢГЕДЕН САТЫЛУДА

Мичурин елді мекеніне қарама-қарсы аумақта Павлодар қаласы мен ауданымыздың түйіскен жерінде қоныс тепкен «Асхат» шаруа қожалығының көкөніс алқабында қияр жиналуда. Егіс даласынан оның келісін 100 теңгеден сатып алуға болады.

Аталмыш шаруа қожалық осыдан 25 жыл бұрын, 1994 жылы құрылып, мал шаруашылығы, дәлірек айтқанда, жылқы өсірумен айналысқан. Соңғы 10 жыл көкөніс шаруашылығын қатар дөңгелетуде. Қожалық басшысы Қадірбек Нұрпейісовтің айтуынша, биыл суармалы егіс алқабын 87 гектарға ұлғайтыпты. Бұл үшін «Reinke» техникасын сатып алған. Бір бөлігіне тамшылай суару технологиясын енгізген. Осылайша, негізінен картоп пен сәбіз өсіріп келген шаруа енді қияр, қызанақ, қарбыз, пияз өсіруге де ден қойып, алқаптарын кеңейткен.

Қожалық басшысы мен дүнген отбасы әріптестік байланыс орнатып, бірлесе жұмыс жасауда. Отағасы Мұхамед Нұров жаз бойы жанұясымен бірге егіс алқабында еңбектенеді. Бала-шаға, немерелерімен бірге бәрі осында. Сонда тұрғызылған шағын үйде тұрып, тіпті тура осы жерде тауық, үйрек өсіріп, құр жатпай, тірлік қылуда. Баласы Арли-заңгер мамандығын тәмамдаса да, жан қалауымен жұбайы екеуі әкесінің қасында кәсіппен айналысып жүр.

Биыл мұнда қияр алқабын кеңейткен. 1.5 гектарға отырғызылған қиярдың «Миринда» тұқымын шілденің басынан бері күнара жинауда. Ауа-райына байланысты, күніне 1-2 тоннадан, маусымына 25-30 тонна өнім алуда. Егіс даласынан 100 теңгеден үлестіруде. 0,7 гектар жерге отырғызылған сәбізден жалпы 50-70 тонна өнім алуды көздеуде. 0,5 гектарда қызанақ отырғызыпты. 4 гектар аумақта қарбыз өсіріледі. 20-тамыздан бастап өнімдер жинала бастайды, ауа-райына байланысты, гектарынан 10-100 тоннаға дейін өнім алынады. Сондай-ақ, биыл 20 гектар аумаққа пияз егіліпті. Шаруа қожалықта алқаптың негізгі бөлігі екінші нан атасына бөлініпті. 180 гектарда картоптың «Гала» тұқымы егілген. Орта ерте тұқымын 10-тамыздан жинауға кірісіп, қала дүкендерінде саудаға қоймақ. Ал кеш өнім беретінін 20 тамыздан қазып алмақ. Гектарынан 25 тонна өнім алу көзделуде. Ресей, Өзбекстан мемлекеттері, Алматы өңірі сатып алады. Қойма болмаса, көкөніс шаруашылығы да дамымайды, — дейді қожалық басшысы. Күзде картоптың келісі 30-35 теңгеден, сәбіздің келісін 20-21 теңгеден үлестіруге тура келген. Ал көктемде бұл баға 150-200 теңгеге баратынын бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан, көкөніс қоймасын салу ісі қолға алынуда.

Қожалық басшысы Қадірбек Нұрпейісовтің айтуынша, көкөніс шаруашылығын дамыта отырып, жылқы шаруашылығын кеңейту қиынға соғуда. Бүгінде қожалықта 250 бас жылқы бар. Санын 500-ге жеткізуді көздеуде. Бұрын мал бағылған жерді суармалы көкөніс алқаптарына алған. Дегенмен, ол жерлерде Павлодарское ауылының тұрғындарының жылқылары да бағылып келген. Сондықтан, жұрт шағымдануын қояр емес, — дейді қожалық басшысы. Міне, осылайша, түрлі кедергілерге тап болып жүрсе де, кәсібін дөңгелетіп отырған еңбеккерлер өз істеріне адал.