Қош бол, алтын ұя мектебім!

Набережное ауылын-дағы №2 Чернорецк орта мектебінің тоғыз түлегінің үшеуі «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері атанып, Соңғы қоңырау мерекесінде ерекше құрметке бөленді.
Биыл соңғы қоңырау мерекесі ұстаздар, оқушылар және олардың ата-аналары үшін ерекше өткені рас. Дегенмен, бәрі де бұл күні бал-бұл жайнап, жүздерінен қуаныш әрі қимастық сезімі байқалып-ақ тұрды.
Түлектерді мектеп әкімшілігі тарапынан директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Светлана Герелевская құттықтады.
– Соңғы жылдар ішінде мектебіміздің тарихындағы айтулы оқиға орын алып отыр. Біздің оқушылар өзінің табанды еңбегімен «Алтын белгі» төс белгісін иеленгені үлкен мәртебе, – деді.
Сахнаға алғашқылардың бірі болып Әділет Ахмет, Мерей
Абылғазы және Аружан Төлеген көтерілді. Балалардың төсіне «Алтын белгілер» тағылып, аудан әкімі Жанат Шұғаевтың атынан бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Сондай-ақ барлық балалар пәндер бойынша жақсы нәтижелер көрсеткендері үшін мақтау грамоталарына, ал Дамир Бишельден екі жыл бойы білім алған ер балалар 3-класстағы тракторшы-машинисі куәлігіне ие болды.
Түлектердің алғашқы ұстаздары Махаббат Мугдинова және Ольга Саенко шәкірттеріне ақ жол айтысты.
– Бүгін сендер алтын ұяла-рыңмен қоштасып, үлкен өмірге аттанасыңдар. Жолдарың ақ болсын! – десті.
Ата-аналар атынан Людмила Тихонская және ауылдағы көнекөз қария Орынтай апа көздеріне жас алып, түлектерге игі тілектерін айтып, мектепке алғыс жаудырды.
Түлектер де өз тараптарынан ұстаздарына ыстық ықыластарын білдіріп, қимастық сезімдерін жеткізді. Салтанатты рәсім дәстүрлі соңғы қоңырау сыңғырымен тәмамдалды.