«ҮЗДІК ОТБАСЫ» АТАНДЫ

Кемеңгерлік Дүйсеновтар отбасы «Happy family of KZ» атты онлайн фор-маттағы отбасылық байқауда жеңіске жетті.

Елімізде орын алған төтенше жағдайлар, одан кейінгі карантин мерзімі түрлі мәдени шараларға шектеу қойғаны белгілі. Соған қарамастан халықаралық отбасы күніне арналған шаралар онлайн форматқа көшіп, салауатты өмір салтын насихаттау шаралары ұмыт қалмады. Жуырда облысымызда өнегелі құндылықтарды жаңартуға, отбасы мәртебесін арттырып, қазақстандық отбасының жағымды имиджін қалыптастыруға бағытталған «Happy family of KZ» байқауы  өткен болатын. Сәуір айының 23 жұлдызы күні Шаңырақ облыстық халық шығармашылығы мен мәдениет-сауық қызметі орталығының әлеуметтік желілерінде байқаудың басталғаны жөнінде пост жарияланды. Байқауға қатысушылар «Өнерлі отбасы», «Ас үй ханшайымы», «Үздік фото» аталымдары бойынша сынға түсті. Бірінші бөлімде отбасы мүшелері өнерлерін көрсету керек болды. Ал екінші бөлімде отаналары қыздарымен түрлі тағамдар дайындау тапсырылған. Үшінші бөлімде үздік креативті отбасылық сурет таңдалды. Комиссия мүшелері әр тіркелген бейнетаспадағы лүпіл, қаралым, комментарий санына қарай үздіктерді анықтады. Сонымен қазылар алқасының шешімі бойынша Бас жүлдені Павлодар ауданының Дүйсеновтар отбасы жеңіп алды. І орынды Павлодар қаласы атынан қатысқан Абдиюсуповтар иеленді. ІІ орын тереңкөлдік Багаевтарға, ІІІ орын екібастұздық Ахаевтарға бұйырды. Ал «Өнерлі отбасы» аталымын Павлодар ауданынан қатысқан Пучек отбасы жеңіп алды. «Ас үй ханшайымы» аталымында екібастұздық Толғанай Ахаева үздік шықты. Павлодарлық Қанафия отбасының отбасылық суреті «Үздік сурет» атанды. Барлық қатысушылар бағалы сыйлықтар мен дипломдармен марапатталды. Орын алған отбасылар әрқайсысы 50000 теңгеден 150000 теңгеге дейін, ал номинация алған отбасылар 30000 тг көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.

Мереке қарсаңында жерлестеріміз – Дүйсеновтар отбасын құттықтап арнайы сұхбат алдық. Отау құрғандарына 30 жылдан аса уақыт болған Ерсайын және Сәуле Дүйсеновтардың бұл алғашқы жеңісі емес. Өнерлі отбасы мүшелері – облысымыздағы түрлі мәдени конкурстардың белсенді қатысушылары.  Отағасы Ерсайын Қабидоллаұлы – Аққулы және Павлодар аудандарының ауылдық округтерінде әкімдік қызмет атқарған, түйгені көп, тәжірибесі мол азамат. Ол қазіргі таңда «Ertis» жоғары инновациялық-аграрлық колледжі басшысының орынбасары болып қызмет етеді. Отанасы Сәуле Базанқызы да өнерден құр алақан емес.  Ол – Павлодар аудандық мәдениет үйінің әдіскері. Ауданымызда өтетін әрбір іс-шараның басы-қасында жүретін білікті маман. Жас кезінде ән айтуды, сахнада өнер көсетуді армандаса да, мектеп бітірісімен бір жылдан соң тұрмысқа шығып, отбасылық өмірді бірінші орынға қояды. Одан кейінгі уақытын тек балаларының үлгілі тәрбиесіне арнады. Үлкен қыздары Мадина мемлекеттік сатып алу саласында қызмет жасағаны болмаса, қалған 4  бірдей баласы өнерге бейім. Екінші қызы Елдана – Кемеңгер ауылындағы балабақшада музыкалық жетекші. Қыздардың кішісі Айдана бала кезінде ән айтып бастағанмен уақыт өте журналистика саласына бет бұрған. Ұлдардың үлкені Еламан – Павлодар облыстық музыкалық колледжінің 3 курс студенті. Ол да бірнеше дүркін облыстық әдеби-музыкалық байқаулардың лауреаты атанып үлгерген. Отбасының кенжесі Елханның бойынан да ата-анасы музыкаға бейімділікті байқайды. Әзірше ол – Красноармейка орта мектебінің 2-сынып оқушысы. Аздап ән айтқанды, көбіне сурет салғанды жақсы көреді.

– Әлеуметтік желіден «Happy family of KZ» байқауының басталғанын көріп, бірден қатысуға шешім қабылдадық. Сөйтіп, бірінші кезеңде «Анаға сәлем» әнін отбасымызбен орындадық. Келесі кезең «Ас үй ханшайымында» бешбармақ, самса тағамдарының дайындалуын көрсеттік. Қазір Рамазан айы болғандықтан, ұлттық тағамдарға тоқталдық. Ал фото жайы – бөлек әңгіме. Біз мұнда карантин уақытында қалай уақыт өткізгенімізді бейнелеуге тырыстық. Мен ас үйден жаңа шыққан бетім сияқты, үстімде алжапқыш, қолымда ожау, газеттен сөзжұмбақ шешіп отырған отағасына әлдене деп көмектесудемін. Елхан сурет салып, Еламан домбырада ойнап, Айдана әдеттегідей ноутбукпен жұмыс жасауда. Бұл жерде аса бір фантазияны қолданған жоқпыз. Күнделікті отбасымыздың тіршілігін көрсеттік. Жеңістің кілті қарапайымдылықта деп білемін. Адам өмірі отбасынан басталады, тұлға болып қалыптасуы да осында өрбиді. Егер бала отбасында сүйіспеншілікке, мейірімге бөленіп өссе, болашақта үлкен белестерді кедергісіз еңсерері анық. Кез келген зиялы қоғамның алтын діңгегі – құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы болған отбасыда. Балаларыма әзілдеп, «бүгінгі жеңісіміз әкең екеуміздің махаббатымыздың арқасында» деп қоям. Негізі, шындығында да солай ғой. Біздің отбасы – сыйластық пен жарастықтың ордасы, – деп отанасы Сәуле Базанқызы ағынан жарылды.

Байқауға үлкеннен үлгі алып, артынан ерген өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп жүрген өнегелі отбасылардың біразы қатысты. Отбасылардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері болды. Бір отбасылар балаларының жетістігіне тоқталса, енді бірі немерелерінің өнерін мақтан етті. Ән айтты, би биледі. Әрқайсысы жеңіске лайық екендерін көрсетуге тырысты. Сөйте тұра, ананың аялы алақанын, әкенің мейіріміне толы бақытты отбасының үлгісін бірден байқаған халық лайықты бағасын беріп, үздікті анықтады. Қазақстандық әрбір отбасы  Дүйсеновтар секілді, кез-келген шаруада береке-бірлікте ұйып, әр іске сүйіспеншілікпен араласса, босағасы мықты, шаңырағы биік болары сөзсіз.