Үздік отбасы

15-мамыр Халықаралық Отбасы күніне орай, «Мерейлі отбасы» республикалық сайысының аудандың кезеңі Розовка ауылының Мәдениет үйінде өткен болатын. Сахна төрінде ақтық сынға жолдама алған екі отбасы өнер көрсетіп, қазылар алқасы үздіктерді анықтады. Аудандық ішкі саясат бөліміне аталмыш сайысқа қатысу жөнінде бес өтініш түскен болатын. Оның ішінде ақтық сынға екеуі ғана қатысатын болып шешілді. Розовка ауылынан Дымура және Новоямышеводан Мұхамедияровтар отбасылары ортаға барын салып, көпшіліктің көңілінен шықты. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ержан Рахымжанов мырза сайыскерлерге сәттілік тіледі. Қашанда бар байлығым – балаларым деп, үбірлі-шүбірлі жанұя болуды тілейтін қазақ, отбасының шаңырағы шайқалмай, тату-тәтті өмір сүруіне жете мән береді.

Сайыскерлердің өнерін бағалаған әділ қазылар алқасы қатарында ау-дандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Малика Қалиева, қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Светлана Шин, аудандық мәслихаттың бөлім басшысы Айымгүл Таласова да бар.

Жарысқа тыңғылықты дайындалып келген Дымура және Мұхамедияровтар жұбы балаларын да ертіп келген екен. Новоямышеволық отбасының отағасы Дархан мен отанасы Тоты бүгінде алты бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Олар өздері тұрып жатқан ауыл мектебінде мұғалім болып еңбек етеді. Қол ұстасып, көңіл жарастырып некелескендеріне 16 жылдай болып қалыпты.

Дымура Максим мен Оксананың жұбы бір ұл, бір қыз тәрбиелеуде. Отағасы жеке кәсіпкерлікпен айналысып, ауылдың арқа сүйер азаматы болып отыр. Әрқайсысы өз қырынан көрерменнің көңілін тауып, өз өнерлерімен сүйсіндіре білді.

Әсіресе, көпшілікке Мұхамедияровтар отбасының шығармашылықпен айналысып, өнерге бір қадам жақын екендігі ұнады. Қазақ әндерін шырқауға келгенде бұл отбасыда үлкені де, кішісі де дарынды. Оған қоса, қазақи дәстүрмен қатар, Ислам дінімізді бек ұстанғандығы да байқалды. Қазақ дәстүрінің көрінісі ретінде «құйрық бауыр асатуды» көрсетіп, көбіне танымал той әндерін нақышына келтіріп орындап берді. Әдемі қазақи киімді жарастыра киген Айша, Фатима және Райхан ата-анасына қолғанат болып үлгерген.

Сайыс қорытындысы бойынша, 1-орын Мұхамедияровтар отбасына бұйырды, ал Дымура жұбына 2-орын, жүлделі 3-орын Чернорецк ауылының Бердіхан отбасына тиесілі болды.

 

Дариға АБАЙ