Үкілеген үміттер ақталды

Мемлекеттік грант конкурсының нәтижелері белгілі болды. Ауданымыздың білім ошақтарын қызыл аттестатпен тәмамдаған үш шәкірт мемлекеттік грантқа ілігіп, ата-ана, ұстаз, аудан абыройын асқақтатты.

Естеріңізге сала кетсек, биыл Шақат орта мектебінің екі оқушысы – Маржан Дүйсенова және Қайырберген Жәукенов білім ошағын қызыл аттестатпен тәмамдап, ҰБТ-дан сәйкесінше, 107 және 81 балл жинады. Осылайша, Маржан С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің «Азық-түлік өнімдерінің өндірісі» мамандығына, Қайырберген болса, Инновациялық Еуразия университетінің «Санитарлы-профилактикалық іс-шаралар» мамандығына грантқа түсті. Ал, Чернорецк №1 орта мектебін үздік аттестатқа аяқтаған Дмитрий Кугуков 98 балға ие болып, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне «Ақпараттық технологиялар» мамандығына грантқа өтті. Құттықтаймыз! Сондай-ақ, ҰБТ тапсырған ауданымыздың тағы 74 оқушысының білім додасындағы тағдыры қалай шешілгені жөнінде нақты ақпарат берілген жоқ. Аудандық білім бөлімінің мамандары 15-тамызға қарай толық мәлімет беретіндерін айтты.

Ғаламтор бетіндегі ақпараттарға сүйене отырып, ел бойынша айтар болсақ, ҚР Білім және ғылым министрі Фатима Жақыпованың айтуынша, биыл конкурсқа 53 785 грант бөлінді. Оған 64 452 адам қатысты. Жалпы орташа конкурс 1 грантқа 1,29 адамды құрады. Жалпы грант санының 45% астамы инженерлік, құрылыс, ІТ мамандықтарға бөлінген. 8 мыңнан астам грант педагогикалық мамандықтарға бөлінген. Биыл конкурсқа қатысқан «Алтын белгі» иегерлерінің саны 5800-ден астам болды. Оның ішінде 4600- ден астамы грант алды. Олардың ішінде ең жоғары саны инженерлік, ІТ, педагогикалық, жаратылыстану мамандықтары болып отыр. Ең жоғары балл дәстүрлі медицина, соның ішінде стоматология, фармация, инженерлік мамандықтар, педагогикалық бағыттың ішінде шет тілі мұғалімдікке 100-ден жоғары балл көрсетіп отыр.

«Мәңгілік ел жастары» арнайы бағыты бойынша да грант иегерлерінің саны өте жоғары – 5000- нан астам. «Серпін» бағдарламасы аясында тапсырғандар 5000-нан астам грантты иеленді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бөлінген гранттар көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына беріледі. «Мемлекет басшысының тапсырмасымен қосымша 5000 грант бөлінді. Олар 5-15 тамыз аралығында жергілікті атқару органдарының қатысуымен тағайындалады.

Білім гранттарының ішінде игерілмеген гранттар бар. «3000-ға жуық грант енді грантқа түсе алмағандардың арасында компьютер арқылы бөлінеді. Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктер де өз бюджетіне қарай қосымша грант бөледі. Жыл сайын жергілікті атқару органдары тарапынан қолдау көрсетіліп, грант бөлінеді. Былтыр 3000 грант бөлінді. Биыл сонша немесе одан да көп болуы мүмкін. Бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты.