Ұлы даланың өшпес жұлдыздары

Осы атаумен Черноярка жалпы орта мектебінің қабырғасында қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мақсаты: домбыраның көмейіне күллі қазақтың рухын сыйғызған дәулескер күйшінің өмір жолын өскелең ұрпаққа таныстырып, құдіретті күй өнерінің тылсым сырына үңілту. Сондай-ақ, аталған шараға өңірімізге белгілі жас домбырашы, әнші, Павлодар облысы бойынша, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Алексей Лодочников қонақ ретінде қатысты.

Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасына 2 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында бағдарлама еліміздің түкпір-түкпірінде қоғам өміріндегі барлық дерлік саланы қамтыды, әрі осы жолда қыруар жұмыстар жүзеге асырылды. Атаулы датаға орай, мектеп ұжымы Құрманғазы туралы дөңгелек үстел ұйымдастыруды жоспарлағанына біраз уақыт болыпты.

Шара қонақтары: аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Малика Қалиева, аудандық мәслихат депутаты Дмитрий Корепанов, Черноярка ауылдық округі әкімі Ермек Тоқтауылов, Черноярка орта мектебінің директоры Маргарита Айдаболова, ауыл кітапханашысы Оксана Паталахалар  жас жеткіншектерге ақыл-кеңестерін айтып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының облыс-аудан көлемінде атқарылған істерге тоқталып өтіп, қазақ халқының өткені мен бүгіні жайында әңгіме өрбітіп, дөңгелек үстелге қатысушы жас өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Бұл бағдарламалық мақала аясында елімізде тарихи-мәдени ескерткіштер бой көтеріп, киелі жерлердің маңызын арттыруға бағытталған зерттеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Менің ойымша, әрқайсысымыз өз туған жеріміздің тарихын білуге міндеттіміз. Сондықтан өткенімізді біліп, болашаққа нақты қадам басуымызға көмек беретін осындай шараны қолға алғандарыңыз үшін алғыс білдіремін, – дейді Дмитрий Корепанов.

Әлемге күй өнерін паш еткен Құрманғазы өмірі, шығармашылық жолынан қазіргі заман оқушыларының көбі бейхабар болып жатады. Оның басты себебі: оқулықтағы өмірбаянмен шектелуінде.  Ал, мемлекеттік тілде оқымайтын мектептерде Құрманғазы туралы әңгіме қозғаудың өзі артық шығар. Дегенмен де, бұл «қағиданы» Черноярка орта мектебі оқушылары бұзды. Ұстаздарының басшылығымен, өзге ұлттың балалары көрініс арқылы ұрпаққа үні естілетін күйші өмірін көз алдымызға әкелгендей болды. Бірі әкесі Сағырбай рөлін, бірі анасы Алқа рөлін, бірі Құрманғазы болып ерекше шынайылықпен ойнап шықты. Өзара әңгімелерінде:  «Негізі, күйшінің әкесінің шын есімі Дүйсенбай болған екен» — деп пікір таластырып жатқанда бір марқайып қалады екенсің…

Осы тұста, мектеп директоры Маргарита Михайловна: «Бүгінгі дәулескер күйші Құрманғазы туралы өткізіліп отырған іс-шара келешек ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне зор әсер етіп, Отанға, туған жерге сүйіспеншілікті тудыратын, үлгі аларлық үлкен жиын», – деп шараның мән-мақсатын түсіндіріп берді.

Сондай-ақ, дөңгелек үстел қонағы Алексей Лодочниковтың әңгімесі оқушылар көңілінен шығып, ерекше қошеметіне ие болды. Жас домбырашы:

– Мен әрбір барған іс-шарадан өзімше бір талдау жасап, жаңа ақпарат алғанды мақсат тұтамын. Нұр-Сұлтан қаласында өткен «100 жаңа есім» жобасының республикалық кезеңіне барған сапарымнан биікке ұмтылуға деген тың серпіліс алып қайттым. Онда қатысушы жастардың, (тіпті мүмкіндігі шектеулі болса да) ел дамытуына үлес қосып, көптеген табыстарға қол жеткізгенін көрегенімде, менің әлі талай шыңдарды бағындыру керек екенімді түсіндім. Сондағы менің бар ерекшелігім – қазақ тілінде сөйлеп, ән шырқауым болды. Осы кішкентай дарынымның арқасында қазақ халқы мені төбесіне көтеріп,  құрметтейді, сыйластық танытады. Қадірменді жас дос! Сіздерді де қазақ халқының салт-дәстүрлерінен, тарихынан хабардар болып, мемлекеттік тілді меңгеруге шақырамын, — деген тілегін жеткізіп, әсем әннен шашу шашты.

Құрманғазы қоғамның жүгін арқалап қана қоймай, сезімге де беріле білетін өмірге ғашық күйші. Өзіндік орындаушылық мектеп қалыптастыра білген дархан дарын иесі. Оның «Сарыарқа», «Балбырауын», «Кішкентай», «Адай» сынды өміршең күйлері халық жадында мәңгі сақталады. Домыраның көмейіне күллі қазақтың рухын сыйғызған дәулескер күйшінің ізін жалғар шәкірттер көп болсын! Бастысы, күй ғұмыры үзілмесін!