Әкім сағатында

Сенбі күні аудан әкімі Жанат Шұғаев аймағымыздың бас телеарнасындағы «Әкім сағаты» бағдарламасында тілшілерге сұхбат беріп, көрермендер тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап берді. Түйіткілді мәселелерді назарға алды.

Павлодар ауданы – азық- түлік белдеуі. Қала халқын сапалы, табиғи өнімдермен қамтамасыз етуге зор үлес қосып келетіні белгілі. Бұл ауданымыздағы көкөніс өсірумен айналысатын шаруа қожалық өкілдерінің көптігінің арқасы. Негізінен картоп пен сәбіз шаруашылығы дамыған. Облыс қажеттілігінен 5-6 есе көп өнім өндірілетіндіктен, өз өңірімізбен қоса, оңтүстік жұртшылығын да көкөністерімізбен қамтып келеміз. Шаруа қожалық өкілдері өнімдерін көктемге дейін бүліндірмей сақтау мақсатында ірі көкөніс қоймаларын салуда. Инвестициялық жоба аясында «Андас» ШҚ басшысы Зейнолла Сәлменбаев 20 мың тоннаға шақталған көкөніс қоймасын салып, қазірде пайдалануға беріліп отыр. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар арқасында мал шаруашылығы өрістеуде. Ет-сүт өндіруге басымдылық беріледі. Әсіресе, сүт өндірісі дамуда. Бұл бағытта биыл аудан көлемінде ірі үш инвестициялық бағдарламалар аясында сүт-тауарлы фермаларының құрылысы жүруде. Мәселен, өткен жылы «Луганск» ӨК бір сүт-тауарлы ферма құрылысын тәмамдаса, биыл өз қаражатына тағы біреуін салуда. Сондай-ақ «Жаңа қала» ЖШС, «Ертіс» ШҚ- да сүт-тауарлы ферма құрылысы жүруде. Өткен жылы «Кирова» ЖШС заманауи сүт-тауарлы фер­масын пайдалануға берген болатын, нәтижесінде өнім көлемі 15 %-ға артатыны дәлелденіп отыр. Ауданымызда болашақта қант қызылшасы өндірісін қолға алып, дамыту көзделуде. Шақат елді мекенінде «Turkey PVL» ЖШС-мен күркетауық етінің өндірісі бойынша ірі инвестициялық жобасы жүзеге асуда.

Әкім сағатында Чернорецк ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Әмеш Мақаш 2012 жылы елді мекенде іске қосылған қысқы су құбырынан келетін тіршілік нәрі санитарлық талаптарға сай келмейтінін айтып, фильтрлер қойылса екен деген тілегін жеткізді. Аудан әкімі өзекті мәселе назарға алынғанын және келер жылы шешілетінін жеткізді. Жоба құны — 24 млн. теңге. Тазалау құрылғыларын сатып алып, орнататын боламыз, — деді аудан басшысы.

Өзге ауылдарда да ауыз су мәселесі бар. Біртіндеп шешудеміз. Республикалық қаражат есебінен Набережное, Мичурино, Госплемстанция елді мекендерін сумен қамту мәселесі шешіліп жатыр, сондай-ақ Черноярка, Новочерноярка, Заря, Бірлік, Подстепка ауылдары келер жылы сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Эфир барысында Ефремовка жастары атынан шағын футбол алаңының құрылысы жайлы сауал жолданды. Аудан басшысының айтуынша, барлық ауылдық округтерімізде мұндай алаңдар бар, келер жылы аталмыш елді мекенде де бой көтеретін болады.

Қала маңында орналасқан аудан болғандықтан, халық саны 26 мыңнан асып жығылады, оқушылар саны да өзге аудандармен салыстырғанда біршама көп – 4 мыңнан асады, биыл 1-сыныпқа барған шәкірттер саны — 560. Алайда, қалаға жақын тұрамын деп басқа аудандардан біліктілігі жоқ жандар көптеп қоныс аударуда. Сондай-ақ өзге аудандардан жеткізілген мал басы салдарынан бруцеллез ауруы өршіп тұр, — деді әкім.

Заңғар білім ошағының мұғалімі мектеп алаңына қырлы кесек тас төселе ме деген сауал жолдады. Әкім келер жылдың еншісінде мәселе қолға алынатынын жеткізді. Жалпы, биыл Шақат, Красноар­мейка, Черноярка, Заря, төрт білім ошағының алаңына осындай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Абаттандыру ісі жалғасын табатын болады.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауданымызға келіп жатқан жастар қарасы қалың. Биыл әр салада біліктілігі бар 70 жас маман келген. Дені ұстаздар мен дәрігерлер болғанымен, ветеринар, мемлекеттік қызметкерлер де келіп жатқаны қуантады, — деді әкім.

Мичурин мектебінің ата-аналары атынан төбесі құлаған спортзал мәселесі, яғни бұл оқу үрдісіне кері әсер етпей ме деген сауал жолданды. Әкімнің айтуынша, мердігер құрылыс барысында өрескел қате жіберіп, салдарынан, спорт зал төбесі опырылып түскен. Үш жыл кепілдік беруге міндеттелген мердігер енді өз қаражатына қалпына келтіру жұмыстарын жасауда. Таяуда тәмамдамақ. Бұл оқу үрдісіне кедергі келтірмейді, себебі білім ошағында тағы бір шағындау спорт залы бар, — деді әкім.

«Әкім сағатында» жалпы 19 сауал келіп түсті, барлығы телеарна мамандарымен тіркеліп, Жанат Рашитұлына тапсырылды. Әкім назарға алуға сөз берді.