Өзі гүл, сөзі жыр, жүзі нұр

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудандық әйелдер қауымын құттықтаған өңір басшысы Жанат Шұғаев өз атынан, облыс әкімі атынан бірқатар қыз-келіншектерге Алғыс хат пен Құрмет грамоталарын табыс етіп, ыстық лебізін білдірді.

«Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» дейтін қазақ үшін ананың жөні бір бөлек, әкенің жолы бір басқа. Бұл туралы аудан әкімі Жанат Шұғаев та ерекше айтып, аталмыш мерекені Аналар мейрамы деп атайтынын жеткізді.

— Сіздер, әйелдер қауымы, болашаққа деген сенімімізді арттырып, келешегімізді жарқын еттіңіздер. Дәл сіздердің сабырлықтарыңызбен, ақыл-дарыңызбен, түсініктеріңізбен біз үшін алынбайтын қамал, бізге бағынбайтын шың жоқ. Сіздер жыл, он екі ай құрметтеуге лайықсыздар! – деген Жанат Рашитұлы көпбалалы аналарға алтыннан алқа тағып, бірқатар қыз-келіншекке құрметін көрсетіп жатты.

Красноармейка Мәдениет үйі төрінде «Алтын алқа» алқасына ие болған новочернояркалық Людмила Брехт пен новоямышевалық Светлана Чегодаева қуанышты сәтте «бар байлығымыз — балаларымыз» деп емірене сөйледі.

Одан басқа, өңір басшысының қолынан Алғыс хат алғандар арасында аудандық газеттердің редакторы Дариға Абай, Красноармейка мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Ардақ Мұхаметалина, Мичурино ауылының дәрігері Еркеш Рахимова да болды.

Аудан әкімінің Құрмет грамотасына Луганск ауылының кәсіпкер ханымы Айгүл Жұмабаева, Розовка ауылының пошта байланыс бөлімшесінің басшысы, көпбалалы ана Светлана Воронюк және халықаралық және республикалық сайыстардың жүлдегері, Красноармейка сәбилер бақшасының музыка жетекшісі Елдана Түсіпбекова ие болды. Осылайша, аудан әкімі өңірдің қыз-келіншектерін бір қуантып, жүзіне күлкі сыйлап, құшағын гүлге толтырды.

Мінбеде сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Айтуған Шайхимов та нәзік жандылар үшін жүрек қылын шертетін әдемі сөз тауып, жүрекжарды тілегін арнады. «Әйелді жырға қоспаған, жырламаған ақын жоқ шығар, сірә!» деген Айтуған Абылайұлы қалай дәл айтқан десеңізші?!

Осындайда, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың: «Арулар – асыл жандар! Шуақ боп шашылғандар, құшақ боп ашылғандар» — деген шумағы еріксіз ойға оралатыны… Халық қалаулысы да аяулы жандарды Алғыс хаттармен ерекшелеп, күллі депутаттық корпусы атынан ілтипат көрсетті.

Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, өңірдің ер азаматтары ақ жаулықты әжелердің, аяулы қыз-келіншектердің, қадірлі қарындастардың, қымбатты әріптестердің құрметіне арнап, бірі ән шырқаса, енді бірі би билеп таңқалдырды. Әсіресе, аудандық мәслихат депутаты Бақытбек Баткеев қазақтың қара домбырасын күмбірлетіп, күйші Әбдімомын Желдібаевтың  «Ерке сылқым» күйін орындағанда сүйсінбеген жан қалмады. Одан басқа, Чернорецк ауылдық округінің әкімі Серік Омаров та «Сегіз қырлы, бір сырлы» екендігін танытып, әуенге ырғала вальс билеп, талай жүректерді қуантты. «Көрген де арманда, көрмеген де арманда!» деген мереке болды.

 

Бетті әзірлеген

Гүлзат МЕЙРАМОВА

Суреттерді түсірген

автор және

Құралай ШАЯХМЕТОВА