Биыл Павлодар ауданында бес жүзден астам балғын мектеп табалдырығын алғаш рет аттады. Кемеңгер ауылында осы оқу жылында төрт 1-сынып құралып, 78 бала білім нәрімен сусындайтын болады. Аудан әкімі Жанат Шұғаев осы қуанышты сәтті ұстаздар және ата-аналар қауымымен бөлісіп, Білім күні мерекесімен құттықтады.

Жазғы демалыс кезінде мектептің айналасы құлпырып, ескісі жаңарып, тозғаны өңделіп қалғаны бірден көрініп-ақ тұр. Білім ордасының ауласына қырланған кеспе тастар төселіп, салтанатты шараларды өткізуге жағдай жасалды. Аудан әкімі Жанат Шұғаев биыл төрт мектептің ауласына жөндеу жұмыстарын жасауға тапсырма берген болатын. Соның бірі осы Кемеңгер ауылының мектебі. Бұл қара шаңырақтың өзгелерден жөні бөлек екені оқушыларының алғырлығынан, ұстаздарының сапалы білім беруінен байқалады. Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде мектеп түлектері тағы да жақсы нәтиже көрсетті.

Аудан әкімі Жанат Шұғаев жаңа оқу жылының басталуымен ұстаздар қауымымен қатар, оқушылар мен ата-аналарды құттықтап, жетістікке толы жыл болуын тіледі.

Бұл әсіресе, 1-сынып оқушылары үшін ұмытылмас сәт. Бүгін 530 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Жыл сайын оқушылар саны артып келе жатқаны бізді ерекше қуантады. Бір мектепте төрт 1-сынып ашылғаны көптен бері болмаған жағдай еді. Бұл балалар ұстаздары мен ата-аналарының мақтанышы болатыны күмәнсіз. Аудан бойынша 140-тан астам түлек келесі жылы мектеп бітіреді. Олардың 15-і осы Кемеңгер ауылының мектебінде оқиды. «Алтын белгіге» үміткер Қуаныш Темірғалиев те осы мектеп түлегі болмақ, – деп аудан әкімі бұл мектептің жетістігін атап өтті.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Сәкен Майдисаров та мектеп оқушыларына өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, білім жолында ерінбей, оқығанды түйіп, оны ертең ел игілігіне пайдалану қажеттігін ескертті.

Бұл күні әдеттегіден ертерек оянған алты жасар балғындар әсіресе толқулы еді. Ұлдар қара көк костюмдерін киіп, қыздар ақ бантиктерін тағынып, қолдарына гүл шоқтарын алып, алғашқы ұстазымен қауышуға асықты. Ата-әже армандаған күн жетіп, ата-ана күткен сәт те келіп қалды. Маралды ауылынан Кемеңгерге көшіп келген Исабековтар отбасы 1-сыныпқа Аяжан есімді қызын әкелген екен. Жаңа оқу жылын кенже қызы асыға күтіп, мектепке барғысы келгенін айтып, анасы Күлпаш өзінің қуанышымен бөлісті. Биылғы жылдан бастап, алты жасар балғындардың мектепке қабылдануы дұрыс шешім екенін алға тартуда.

Салтанатты шарадан соң, барлық сыныптар «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыбындағы Білім және Конституция күніне арналған сынып сағаттарына қатысты