«ASAR» ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

Жақында, Павлодар қаласы ҮЕҰ-бизнес-мемлекет серіктестігінің ASAR IIІ-республикалық форумына қатысушыларды қабылдаған болатын. Форумның бірінші күні «Әлеуметтік инновациялар: өңірлік даму жетістігінің формуласы» тақырыбында пленарлық отырыс өтті. Екінші күні барлық қатысушылар Павлодар ауданы, Ефремовка ауылдық окуругі, Даниловка ауылындағы Гашек отбасының тәлім бағына сапарға аттанды.

«Асарлықтардың» пленарлық отырысы

«ASAR» форумы «мемлекет» «ҮЕҰ» және «бизнес» деген терминдермен тікелей байланысты. Яғни,  жергілікті қоғамдастықтардың әлеуметтік мәселелелерді шешуде аталған үшжақтың ынтымақтастыққа жүгінуіне болады деген сөз. Республика көлеміндегі форум осымен 3-ші мәрте ұйымдастырылып келеді. Осыған дейінгі жиындар Атырау және Талдықорған қалаларында өткен. Себебі, форум «Әр жылы – жаңа өңір» деген қағида арқылы жүзеге асатын көрінеді. Әр өңірден жиналған  кәсіпкерлер бірінші күні «ASAR»-дың пленарлық отырысына жиналды. Оған ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министірі Данияр Есин, облыс әкімі Болат Бақауов,  «Қазақстан экологиялық ұйымдары» ЗТБ басқармасының төрайымы Айгүл Соловьева, «Атамекен» ҰКК басқармасы төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев қатысты. Айта кетейік, модераторлық тізгін «SERPIN» білім және инновация ұлттық палатасының төрағасы Мұрат Әбенов мырзада болды.

Әрі бұл күні үздік әлеуметтік жобалардың иелері дискуссиялық алаңдарда сөз сөйледі, ойларымен бөлісті.  Сессия барысында облыс әкімі Болат Бақауов: Ағымдағы жылы облысымызда 1 миллиард теңгенің жобалары жүзеге асырылып жатқандығын, оның ішінде Азаматтық альянс пен Еріктілер үйлерінің  жұмысына тоқталды. Сондай-ақ, қоғамдық және саяси күштердің өзара пікір алмасып, сарапшылар мен азаматтардың іс-қимылдарын біріктіру барысында бірқатар шаралардың жүзеге асырылғандығын айтты.

Жиын барысында Қазақстанның Азаматтық альянсының басшысы Асылбек Қожахметов те Павлодар қаласындағы  Азаматтық альянс үйінің аса маңыздылығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, біздің облыстың Республика көлемінде Үкіметтік емес ұйымдар секторын дамытуда көш бастап тұрғанын баса айтты.

«ASAR»-дың берері мол

Форум негізінде төрт бағытта жұмыс жасайды. Біріншісі: «Social-Asar»  деп аталады. Мұнда бизнестің әлеуметтік саланы дамытуға қатысуының тиімді модельдері қарастырылады. Екінші – «Еco-Asar» яғни, атауы өзі айтып тұрғандай әлем «жасыл әріптестік» форматында. Үшіншісі: «IT-Asar» әлеуметтік саланың инновациялық дамуындағы IT-жобалардың рөлі. Ал, төртінші «Inclusiv-Asar» бағыты, «инклюзивті қоғам» құру барысындағы туындаған мәселелерді шешуге бағытталған.

«ASAR» үшжақты форумында әлеуметтік жобалардың таныстырылымы болғанын жоғарыда атап өттік. Осыдан бірз уақыт бұрын форум платформасында әлеуметтік жобалардың конкурсы өткен болатын. Оған 144 өтінім түсіп, оның ішінен 100-і үздік танылған болатын. Форумның басты мақсаты аталған жобаларға бизнес өкілдерінің назарын аудартып, ірі компаниялардың инвестиция салуына жол ашу болып табылады.  Павлодарда өткен жиын барысында бірқатар жобалар қолдау тапты. Мысалға,  «Павлодар география үйі» ҚБ мен «Агромир» ЖШС арасында меморандумға қол қойылды. Жалпы, екі жыл ішінде форум шеңберінде  20 жобаға нақты қолдау көрсетілген екен.

Өңірлердің тұрақты дамуына жергілікті қоғамдастықтардың қосқан үлесі көп. Форум ұйымдастырушылары екі күн бойы талқыланған мәселелер осы іс шара аясында қалып қоймайтынын, әрі қарай жыл бойы мемлекет бизнес-құрылым және ҮЕҰ негізінде мақсатты жұмыстар жүргізілетініне сендіріп отыр.

Ауылына қарап, азаматын таны

Форумның екінші күні қатысушылар алғаш рет табиғат аясына шығып,  «ASAR activity» акциясы шеңберінде облыс орталығынан 40 шақырым жердегі Даниловка ауылына ат басын бұрды. Мұнда Олар Юрий Гашек  атты «Табиғат қорғаушысының» тәлім бағын аралады.

Юрий Гашек – отбасымен 2004 жылы Павлодар қаласынан Даниловка ауылына қоныс аударып, игерусіз жатқан жерлерге 100-ге жуық ағаш түрлерін егіп, көгалдандыруды қолға алады. Әрине, барлық іс мемлекеттің қойған талаптарының барлығына сай жүзеге асады. Сөйтіп, 15 жылдан аса уақытта бұрынғы жел гулеген жазық дала сыңсыған орманға айналған.

– Ауылды гүлдендіруді адамдар тек кәсіпкерлерге итеріп қояды. Ол дұрыс емес. Кез келген адам табиғатқа жанашырлықпен қарауға міндетті. Жерден өнім алуды білеміз, ал береріміз жоқ. Ол тұрғыдан адамзат баласы жалқаулаумыз. Осы мәселе барлығымызды толғандыруы керек. Сонда ғана бастаған кәсібіміз өз жемісін береді. Бүгінгі таңда бау-бақша ісімен айналысып отырғаным есебінен мол пайда тауып, ісімді оңға басып отыр.–дейді Юрий Гашек.

Форум қатысушылары Юрий Гашектің бастамасымен жаңадан өсіп келе жатқан өрік, шие, алма, алмұрт ағаштары жайқалған бақтарын аралады. Сонымен қатар қонақтар болашақ жүзім алқабының орнына келіп, ағаштарға шұңқыр қазып, өз қолтаңбаларын қалдырды. Табиғат аясында өткен экскурсия, пикникке жалғасып, форумға қатысушылар бір-бірімен жетістіктерімен бөлісіп жатты. Ақмоладан келген қонақтар болса, «Бізде үшжақты жұмыс оңтайлы  жолға қойылған. Мемлекетпен тығыз байланыстамыз» деп, ойларын ортаға салды.

— Кеше Ақмола облысы «KAZAKHSTAN INNOVATIONS» қоғамдық қоры «Парус» сауықтыру орталығымен меморандумға қол қойды. Ендігі жерде екі тарап Ақмола облысының инновациялық даму саласы бойынша ортақ жұмыстар атқарып, ғылым технология саласында ақпарат алмасатын болады. Сондай-ақ, аталған қоғамдық қор «SL» ЖШС мен меморандумға қол қойды. Мақсаты: Студенттерге арналған «SL Student Life» картасын енгізу болып табылады. Аталған карта көмегімен студенттер қоғамдық көліктерде, кітапханаларда және басқа да қызметтерді пайдалануда жеңілдіктер алуына мүмкіндік береді. Студенттің үздік бағасы картасына бонус болып қосылып отырады. Бұл бір жағы студенттерді жақсы оқуға ынталандыратын болады, – дейді  «Шаңырақ» әлеуметтік-сауықтыру зерттеу орталығы қоғамдық қоры директоры Мейрамбек Закиров. Сондай-ақ,

– Мен басқаратын орталықтың жұмысы  әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Мұнда ажырасудың, суицидтің алдын алу сияқты  жұмыстармен айналысамыз. Қазіргі таңда жасөспірімдер психологиясы өзекті тұр. Сондықтан  облысымыз бойынша 536 мектептің педагог психолог мамандарымен тығыз байланыстамыз.   «ASAR» үшжақты серіктестік форумына бірді-екілі жобамызды алып келдік. Соның бірі «Болашақ аналар мектебі» іске асырғанымызға біраз уақыт болды. Мұнда біз алғаш жүкті болған әйелдерге 33 аптасынан бастап көмек көрсетеміз. Орталығымызда гинеколог, педиатр мамандар кеңес береді.– деп үкіметтік емес ұйым тарапынан пікір білдірді.

Айта кетерлігі форумның ұйымдастырушылары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Павлодар облысының әкімдігі және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ болып табылады. Ал, негізгі серіктестер сапында Eurasian Resources Group (ERG),  Конрад Аденауэр атындағы қор, «Coca Cola Almaty Bottlers» ЖШС және «Атамекен» ҰКП бар.