Ertis Half Marathon – Достық өзені марафоны

18-тамыз ҚР Спорт күні қарсаңында Павлодар қаласында «Ertis Half Marathon – Достық өзені» марафоны ұйымдастырылды. Оған облысымыздан, еліміздің басқа да қалаларынан, тіпті көршілес Ресей мемлекетінен барлығы 600 адам қатысты. Оның ішінде біздің ауданнан да бірқатар әуесқойлар бағын сынап көрді.

Жексенбі күні таңғы сағат 8:30-да «Ақ Отау» мейрамханасының жанына халық көптеп жиналды. Сағат дәл 9:00-де барлығы бір кісідей таңғы жаттығулар жасады. Кейін Астана көшесіндегі субұрқақ маңынан спортшылар жарыс жолына аттанды.

Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған шараға кәсіби спортшылардан бөлек, қарапайым халық та мемлекеттік қызметкерлер де белсене қатысты.

Мысалға, Павлодар аудандық-аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сансызбай Әкімбеков облыстағы үздік марафоншылардың қатарында екенін бірі білсе, бірі білмес. Жақында ғана ол три­атлоннан жарысқа қатысып келді. Енді аталмыш өңірлік жартылай марафонның үйлестірушісі және ұйымдастырушыларының қатарынан орын алды.

– Бұл марафонды жергілікті тұрғындар үшін ұйымдастырған болатынбыз. Сол себептен де марафонды «Ertis Half Marathon – Достық өзені» деп атадық. Дегенмен, биыл марафонның ауқымы кеңейіп, Павлодар, Өскемен, Семей, Алматы қалаларын қамтығаны қуантады. Ресейдің Омбы қаласынан да спортшылар көптеп қатысуда. Аз уақытта бұқаралық сипат алған марафонға келесі жылы «халықаралық» мәртебесін беруді жоспарлап отырмыз, – дейді Сансызбай Мұқатайұлы.

Павлодар ауданына белгілі спортшы Евгений Архипов та жақында триатлоннан республикалық жарысқа бармақ. Оның да бұл марафонға қатысуы үлкен дода алдындағы дайындық есебінде болды.

Жарыстың ең негізгі әрі қиын бөлімі 21 шақырымдық марафон. Командалық турда чернорецтік Еламан Бекіш «Nur Otan» тобының құрамында жүгірді. Ал жекелей жүгірісте Павлодар аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Дәурен Біләлов пен аудандық экономиканың нақты секторы бөлімінің бас маманы Нариман Омар 21 шақырымды бағындырды.

Аталған спорттық шараға аудандық «Заман тынысы» және «Нива» газеттерінің ұжымы 1,6 шақырымды құрайтын жаппай жүгіріске қатысты. Құрамында редактор Дариға Қаржауова, дизайнер–беттеуші Әлия Ислямова, «Заман тынысы» газетінің жауапты хатшысы Сандуғаш Сәрсембаева және «Нива» газетінің тілшісі Құралай Шаяхметовалар болды. Нәтижесінде, Құралай Шаяхметова мәрені 8.35 минутта кесіп өтіп, 3-орынды иеленді. Әріптесімізді алған жүлдесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Айта кетейік, тек қана әйелдер арасында өткен жарыс 1998 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 1996 жылғы қысқы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, конькиші Людмила Прокашеваның кубогы үшін өрбіді. Ал, ерлер қауымы 5 шақырымдық жарыста, КСРО рекордшысы, спорт шебері Александр Кузнецовтың жүлдесін сарапқа салды.