VІ Черноярка кубогы

Өткен аптаның жексенбісінде Павлодар ауданында мұздан балық аулау бойынша жарыс өтті. Жыл сайынғы дәстүрмен аталмыш спорттың түрі Чернояркадағы Ертіс шығанағында жүргізілді. Айта кетерлігі, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған балық аулау шарасына облысымыздың түкпір-түкпірінен 36 қатысушыны құраған барлығы 13 команда қатысты. Сонымен қатар, бір уақытта тазы тұқымды иттердің көрмесі де өткізілді.

24 ақпан күні Спорт және туризм фестивалі аясында «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Павлодар аудандық әкімдігі, аудандық спорт және туризм бөлімі, Черноярка ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен өткен мұздан балық аулау бойынша «CHERNOYARKA FISHING – 2019» VІ Черноярка кубогы қатысушыларға есігін айқара ашты. Жарыстың ұйымдастырушылары есебінде «Павлодар облысы Қазақстан жастарының конгресі» ҚҚ, Павлодар аудандық мәслихатының депутаты Дмитрий Корепанов, Павлодар облысы балық аулау спортының федерациясы болса, «FishMania» дүкені  және «Сайга» ЖШС демеушілік жасаған.

Тазы иттерін тамашалау, далада палау, уха пісіріп дәм тату сияқты қызықтарға бөленген демалушы қауымның қатары жылдан-жылға артып келе жатқандығын жарыстың жоғары санаттағы ұлттық бас төрешісі Руслан Торжакаев ерекше атап өтті.

Жарыс ұйым-дастырушыларының бірі Дмитрий Корепанов:

— Бұл турнирді біз алтыншы рет өткізіп отырмыз. Бір қызығы, балық аулау жарысына спортшылар емес, көбінде спортқа бір қадам жақын адамдар, балық аулауға жүрек қалауымен келетіндер қатысады.  Қатысушыларға атақты Черноярка сәбізін сыйлыққа ұсынып отырмыз. Аймағымыздың балықшылары алдарына дес бермейтін, балық аулау ісінде үздіктерден табылатын мықтылар. Сол себепті де, осы іспетті спорттық шараларды ұйымдастыруды қолға алып отырмыз. Жыл өткен сайын салауатты өмір салтын ұстанушылардың көбейіп келе жатқандығы көңіл қуантады. Демек, біздің жасап жүрген шаруамыз бекер емес, – дейді.

Ендігі, дәстүрлі түрде өтетін шараға айналған жарыстың жеңімпаздарын ауыл әкімі Ермек Тоқтауыловтың өзі марапаттады. Балықшылардың еңбегі төрешілердің сүзгісінен өтіп барып бағаланды. Ауланған балық өлшеніп болған соң, үздік команда болып екібастұздық «Fish Hunter» командасы атанды. 2-орынды «Охота на рыбалку» командасы еншілесе, үштікті «Суворовцы» командасы қорытындылады. Ал, команданың басты балықшысы Сергей Демченко «Big fish» номинациясын иеленді. Оған «FishMania» спиннинг-клубы ең ірі ауланған балық үшін сыйлықтарын табыс етті. Ал Руслан Логвиненко ең көп балық аулап, «Сайга» ЖШС-ның сыйлықтарына ие болды. Сондай-ақ, «Жастар жылы» аясында 20-25 жас аралығындағы қатысушылар, 67 және 74 жастағы тәжірибелі балықшылар да марапатталды. Барлық жүлдегерлерге  марапаттау қағаздары мен медальдар табыс етілді.

Мұз үстінде балық аулау шарасы аяқталысымен, барлығы тазы тұқымды иттердің көрмесін тамашалады. Көрмеге қатысушы Александр Шкробка:

–  Тазы тумысынан өте ақылды, талғампаз ит. Лас жерге жатпайды, өлексені жемейді. «Тазы» деген сөздің өзі қазақтың «таза» деген сөзінен шыққан көрінеді. Тазы – әмбебап ит. Осы қасиетінің арқасында аңға бес-алты итті қатар алып жүрудің керектігі тумайды. Басқа аңшы иттер аңды көрсе ғана қуады, ал қазақы тазы өзі іздеп жүріп, тауып алады. Өзге иттер секілді ұстаған аңын жарақаттамайды, терісін жыртпайды, — дейді. Көрме тамашалаушылар тазымен суретке түсіп, иесінен тазы иті туралы мәлімет алып, қызығушылықтарын танытты.

Бастысы, Новочерноярка ауылында өткен жексенбілік демалыс өте жоғары деңгейде өтті. Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларынан бөлек, Тереңкөл, Успен және жергілікті Павлодар ауданы бір-бір қап сәбіздерін арқалап,. үйлеріне көңілді тарқасты. Алайда, қуанышты  көңіл-күй, спорттық құмарлық және ұмытылмас әсер, Новочерноярка жерінің сұлулығы, салауатты және жайлы демалыс  осы күннің ең керемет сыйы болды. Барлық жүлдегерлерді жеңістерімен құттықтаймыз!

 

Қарлығаш ҚАШҚЫНБАЙ