Балаларға базарлық

Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Шақат ауылдық округіндегі «Отбасы үлгісіндегі балалар үйі» тәрбиеленушілері мен Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан Красноармейка ауылына көшіп келген көп балалы ана Айнагүл Қосмағамбетоваға сый-сияпаттарын беріп, Балаларды қорғау күні және Ораза айт мерекелерімен құттықтап қайтты.

Шақат балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тәртіп сақшылары алдағы жаз демалысы қызықты, әрі пайдалы өтсін деген ниетпен үрлемелі бассейн мен тәтті тағамдар сыйға тартты. Мұнда жоғары сынып оқушыларымен қатар, бастауышта оқитын балғындар да бар.

Үрлемелі бассейнді суда шомылып, ыстықтарын басуға сеп болар деген ниетпен алған едік. Өйткені, жазда балалардың барлығы суға шомылғанды жақсы көреді. Ал Шақат Ертістің бойында қанат жайған ауыл емес және қауіпсіздік тұрғысынан да балалардың ауладағы бассейнде шомылғаны дұрыс. Сыйлығымызға олар қуанып қалды, – деп аудандық полиция бөлімінің кадрлық саясат жөніндегі орынбасары Марат Айткенов мән-жайды түсіндірді.

Одан бөлек, осыған дейін тәртіп сақшылары Красноармейка ауылының тұрғыны Айнагүл Қосмағамбетованың отбасын қамқорлыққа алған болатын. Естеріңізге сала кетсек, тура Халықаралық әйелдер күнінде олар бұл отбасыға тоңазытқыш сыйлаған еді. Енді араға екі-үш ай салып, Айнагүл апайдың хал-жағдайын біліп қайтты. Алты бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты анаға азық-түлік және тәтті тағамдар ала келіпті.

Біздің полиция бөлімі үнемі жүйелі түрде Шақат балалар үйіне қамқорлық көрсетеді. Осында тәрбиеленетін балалар ертең полиция мамандығын таңдап, біздің қатарымызға қосылса екен деген тілегіміз бар. Сондай-ақ, Айнагүл Қосмағамбетованың отбасын да ерекше бақылауда ұстаймыз. Өйткені ол Павлодар өңіріне мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы бойынша көшіп келген. Біз өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетуіміз керек, – деп Марат Камалұлы өз ойын жеткізді.

Осындай қасиетті мереке күнінде көрсетілген көмек пен берілген садақа еселенеді. Сондықтан, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын берейік, ағайын!

 

Өз тілшіміз