Egovkzbot арқылы жарты миллион қызмет көрсетілді

Смартфондағы telegram қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметтер мен сервистерді қолжетімді еткен @egovkzbot қызметіне бір жыл толды. Осы мерзім аралығында аталмыш бот көмегімен 534 мың қызмет көрсетілді.

Қолданушылар арасында танымал болғантелеграм-бот 25 түрлі мемлекеттік қызмет пен сервистерді алуға мүмкіндік береді. Жиі сұралатын анықтамалардың ішінде мекенжай, соттылықтың болмауы, психиатриялық, наркологиялық диспансерлердің анықтамалары бар. Бұған қоса кез келген азамат зейнетақы қорындағы салымы туралы ақпарат алып, өз үйінде тіркелгендердің тізімін қарай алады. Egovkzbot-тағы сервистер арқылы дәрігердің қабылдауына жазылып, борышкерлер тізімінде бар-жоғын тексеріп, бос жұмыс орындарын қарауға болады.

Egovkzbot-ты қолдану үшін азаматтар мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс. Бұл үшін кез келген ХҚО-ға жүгінуге болады. Айта кетейік, бір жыл ішінде онлайн қызметтер ботын пайдаланып үлгергендердің саны 320 мыңнан асты.