«Бруцеллез»

 

Бруцеллез –ауыл шаруашылық жануарынан адамға жұғатын, еңбекке жарамдылықтан ұзаққа айыратын және жиі мүгедектікке әкеліп соғатын созылмалы, жұқпалы ауру. Ұзақ қызбамен, ағзаның тіреу-қозғалу, нерв, жүрек-тамыр, несеп шығару және басқа жүйелерін зақымдаумен сипатталатын ауру.

Бруцеллезге көбінесе малмен тығыз қатынаста болатын тұлғалар – мал шаруашылығы, ет-сүт өңдеу кәсіпорындарының қызметкерлері, сондай-ақ жеке шаруада мал ұстайтын шаруа қожалары шалдығады. Адамдар ауру малға күтім жасағанда, малды сойғанда, ет және ет өнімдерін өңдегенде, сондай-ақ қырқығанда, шомылдырғанда, теріні алғанда және өңдегенде жеке алдын алу шараларын сақтамағанда жұқтырылады. Жануарлар бруцеллаларды сыртқы ортаға сүтпен, несеппен, бөлінділерімен және түсік тастағанда, төлдегенде бөледі. Осы бөлінділермен ластанған сыртқы орта объектілері: төсеме, топырақ, су, жем, қоршаған заттар, жүн, сүт, сүт өнімдері ұзақ уақыт жұқпалы және аса қауіпті болады. Бруцеллездің берілуіне жоғары температурамен өңделмеген шикі сүт және сүт өнімдері (брынза, кілегей, ірімшік, қаймақ, сары май) де үлкен рөл атқарады.

Адамдарда бруцеллезді ескерту мақсатында сүтті қайтып, пастерлеумен залалсыздандыру қажет. Шикі сүттен дайындалған өнімдер пайдаланар алдында қажетті мерзімін сақтау керек. Ет және сүт өнімдерін белгіленбеген стихиялық сауда орындарынан алмаған жөн. Бруцеллездің алдын алуда жеке гигиена ережелерін сақтау өте маңызды.