Күйдіргінің алдын алу

Күйдіргі (Сібір жарасы) – терінің, ішектің, өкпенің, лимфа түйіндерінің зақымдалуымен және жоғары өлім-жітіммен сипатталатын адамның және көптеген жануар түрлерінің аса қауіпті ауруы. Ауыл шаруашылық малы адам үшін жұқпа көзі, ал топырақ және қоршаған ортаның басқа объектілері аурудың резервуары болып табылады.

Адам күйдіргімен қалай жұқтырылуы мүмкін?

Адам күйдіргімен ветеринарлық-санитариялық сараптамадан өтпеген рұқсатсыз сауда орындарынан сатып алынған ауыл шаруашылық өнімдерін пайдаланғанда жұқтырылады. Сондай-ақ, адам ауру малды күткенде, сойғанда, терісін алғанда, етін бұзғанда, өлген малды көмгенде, күйдіргі микробтарының спораларымен ластанған шаруашылық өнімдерімен (тері, теріден жасалған өнімдер, жүн, қыл) қатынасқанда жұқтырылады.

Инфекцияның ену жолдары – тері, тыныс алу жолдарының сілемейі, сирек жағдайда – асқазан-ішек трактісі. Көбінесе дененің ашық тұстары зақымдалады.

Адамдағы аурудың белгілері

Адамда бұл аурудың 3 түрі бар:

— тері

— өкпе

— ішек

Тері зақымдалған жағдайда күйдіргінің тері түрлері кезінде инкубациялық кезеңі 2 күннен 14 күнге дейін созылады. Алдымен зақымдалған орында тері деңгейінен ісетін қызыл дақ пайда болады. Біршама уақыттан кейін жара туындайды. Науқас зақымдалған орынның қатты қышуына және күйдіруіне шағымданады. Жараның айналасында терінің ісінуі мен қызаруы байқалады. Оған жараның орнында сезгіштіктің төмендеуі немесе мүлдем болмауы тән. Жалпы уыттану белгілері (39-40°С дейін дене қызуының артуы, жалпы әлсіздік, дененің сынуы, бастың қатты ауруы,бастың айналуы, жүректің қағуы) бірінші тәуліктің соңына қарай немесе екінші күні пайда болады. Дәрігерге уақытылы жүгінгенде және арнайы емдегенде ауру, әдетте, сауығумен аяқталады.

Күйдіргінің өкпе түрімен ауырғанда алғашқы белгілер тұмауға ұқсас – дене қызуы артады, дене қалтырайды, кеудеден су шығады. 3-5 күннен кейін жіті өкпе жетіспеушілігі қалыптасады, бұл жиі өлімге ұшыратады.

Ішек түрімен ауырғанда іш қатты ауырады, құсу, қан аралас іштің өтуі сияқты белгілер пайда болады. Күйдіргінің инкубациялық кезеңі 2 күннен 7 күнге дейін.

Алдын алу шаралары
  1. Аурудың барлық жағдайлары мен малдың өлуі туралы дереу ветеринарлық мекемелерге хабарлау қажет.
  2. Малды сояр алдында қарау үшін міндетті түрде ветеринар маманын шақыру.
  3. Өлген малды өздігінен көмуге қатаң тыйым салу.
  4. Елді мекеннің сыртына ауру малды немесе жұқтырылған өнімдер мен ауыл шаруашылық шикізатын шығаруға (енгізуге) тыйым салынады (ауру жағдайлары тіркелгенде).
  5. Рұқсатсыз сауда орындарында ветеринарлық растаушы құжаттарынсыз ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алуға тыйым салынады.
  6. Үй жануарларын сойған кезде ветеринар мамандарының сою алдындағы тексеруінен кейін жеке қорғаныс заттарын (резеңке қолғап, халат) қолдану қажет.

Алғашқы ауру белгілері байқалған кезде адам уақытылы медициналық көмекке жүгіну қажет.