Мекенжай анықтамасын алу туралы

 

Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі № 983 Қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасы (ПИ-29923) 2019 жылғы 23 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында мақұлданғанын хабарлайды.

Жоғарыда көрсетілген жоба аясында «Тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамаларын беру» мемлекеттік қызметі ағымдағы жылдың 1 қарашасынан бастап алып тасталады. Тиісінше, осы өзгерістер күшіне енгеннен кейін азаматтардың тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамасын талап етуге болмайды.

Мекенжай анықтамасын қоғамның филиалдары арқылы да «Электрондық үкімет» порталы арқылы да алуға болмайды.

Қажет болған жағдайда көрсетілетін қызметті алушылар порталдағы жеке кабинетте немесе e-Gov mobile қосымшасы арқылы өзінің тіркелу орнын тексере алады.

Сонымен қатар, мемлекеттік органдар ІІМ деректер базасымен ықпалдастырылған өздерінің ақпараттық жүйелері арқылы осы ақпаратқа қол жеткізе алады.

Бұл ретте, басқа ұйымдар, оның ішінде жеке компаниялар, азаматты тіркеу туралы ақпаратты оның сервисі арқылы үшінші тұлғалар ретінде порталда ала алады. Егер азамат өзінің тіркелуі туралы мәліметтерді бір рет алуға СМС арқылы келісімін берсе ғана бұл мүмкін болады.

Көрсетілетін қызметті алушының телефонына СМС алу үшін мобильдік азаматтар базасында тіркелу міндетті шарт болып табылады.

Өз кезегінде, мобильдік азаматтар базасында тіркеуді дербес порталдағы жеке кабинетте жүзеге асыруға немесе кез келген жақын маңдағы фронт-офиске жүгінуге болады.