Адвокат болу талаптары

Адвокаттық қызметін лицензиялау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті жүзеге асырады (адвокаттық қызметпен айналысуға лицензиялар 2011 жылдан 15.08. бастап электрондық түрде беріледі).

Адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алу тәртібі 2007 жылғы 2 маусымдағы №454 «Адвокаттық және нотариаттық түрлерін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен реттелген.

Адвокаттық қызметпен айналысуға  лицензия алу үшін:

Адвокаттық қызметпен айналысуға тағылымдама өту.

Тағылымдамадан өтуге ниет бiлдiрген адам ережеде тізбесі белгіленетін құжаттарды қоса бере отырып тағылымдамадан өтуге жiберу туралы өтiнiшпен адвокаттар алқасының төралқасына жүгiнедi:

1) Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

2) жоғары заң білімі туралы дипломның көшірмесі (салыстыру үшін дипломның түпқұжаты берілмесе нотариалды куәландырылған көшірмесі);

3) еңбек кітапшасының немесе басқа заң мамандығы бойынша жұмыс өтілін растайтын құжаттың көшірмесі;

4) наркологиялық және психиатриялық диспансерлер тұрғылықты жері бойынша берген медициналық анықтамалар;

5) тұрғылықты жері бойынша берілген соттылығының жоқтығы туралы анықтама.

Тағылымдама кемiнде бес жыл адвокаттық қызмет өтілі бар адвокаттың басшылығымен жүзеге асырылады. Тағылымдаманың ұзақтығы алты айдан бір жылға дейінгі мерзімді құрайды.

Тағылымдамадан өтушi ретiндегi жұмыс кезеңi заң мамандығы бойынша жұмыс өтіліне есептеледi.

Тағылымдамадан өткізуді ұйымдастыруды 2012 жылғы 8 ақпандағы № 54  Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығымен бекітілген Адвокаттардың тағылымдамадан өтушілерінің тағылымдамадан өту тәртібі туралы ережеге сәйкес.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 34-бабы
1-тармағының 1), 2), 3), 9) және 12) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша судья өкілеттіктерін тоқтатқан адамдар тағылымдамадан өтпейді.

Адвокаттық қызметпен айналысуға аттестация өту.

Тағылымдамадан өткен адамдар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық әділет органдары жанынан құрылатын адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияда аттестаттаудан өтеді.

Аттестация өту қағидасы 2012 жылғы 22 мамырдағы №653 «Тағылымдамадан өткен және адвокаттық қызметпен айналысуға және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген.

Адвокаттық қызметпен айналысуға аттестациядан өту өтінішке мынадай құжаттар қоса берілуі тиіс:

1) фотосуреті бар жеке іс парағы;

2) Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

3) тағылымдаман өту туралы растайтын кұжаттар;

4) жоғары заң білімі туралы дипломның нотариалды куәландырылған көшірмесі;

5)  үміткердің жергілікті жері бойынша берілген наркологиялық және психиатриялық диспансерлерден медициналық анықтамалар;

6) бүкіл республика бойынша мәліметтерді көрсете отырып, үміткердің тұрғылықты жері бойынша берілген соттылығының жоқ екендігі туралы анықтама.

Аттестаттау қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.

Аттестаттау мынадай екі кезеңнен тұрады:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуден компьютерлік тест тапсыру;

2) үміткердің білімін емтихан билеттері бойынша тексеру.

Үміткер өз таңдауы бойынша аттестаттаудан қазақ немесе орыс тілінде өтуге құқылы.

Тестілеу компьютер техникасын пайдалана отырып өткізіледі.

Аттестация рәсімдері  Министірліктің тестлеу on-line сервер жүйесіне қосу арқылы өткізіледі.

Адвокаттық қызметпен айналысуға аттестациядан өту үшін сұрақтар тізбесі Министрліктің «Ақпараттық құжаттар» бөлігінде http://www.minjust.kz сайтында орналасқан. 

Аттестатталғаны туралы шешім ол шығарылған кезден бастап алты жыл бойы жарамды болып табылады.

Аттестаттаудан өтпеген үміткер кемінде бір жылдан кейін қайта аттестаттауға жіберіледі.

Дәлелді себеппен аттестаттауға келмеген үміткер көзделген тәртіппен адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның келесі отырысына шақырылады.

Үміткер тағы да келмей қалған жағдайда оның өтініші  қараусыз қалдырылады және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық әділет органдары оған тапсырылған құжаттармен бірге қайтарады.

Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссия жеті мүшеден, оның ішінде кандидатураларын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың адвокаттар алқаларының төралқалары айқындайтын үш адвокаттан турады.

Лицензия алу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетіне (мекен-жай: 13 кіреберіс, Министрліктер үйі, Орынбор көшесі 8, Сол жағалау, Астана қаласы, 010000) келесі құжаттар жолдау қажет:

1) 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 1894 Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң  Қаулысымен бекітілген нысан бойынша өтініш;

2) Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

3) аттестациядан өту туралы адвокаттық қызметпен айналысуға әділет аттестациялау комиссиясының шешімі немесе аттестация өтуден босатылғандығы жөнінде растайтын құжат;

4) қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжаттың (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы берілмеген жағдайда нотариат куәландырған) көшірмесі, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензиялық алым соммасы 6 АЕК құрайды;

5) тағылымдаман өту туралы растайтын кұжаттар;

6) өтініш берушінің салық органында есепке түрғаны туралы куәліктің (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы берілмеген жағдайда нотариат куәландырған) көшірмесі;

7) наркологиялық және психиатриялық диспансерлер тұрғылықты жері бойынша берген медициналық анықтамалар;

8) тұрғылықты жері бойынша берілген соттылығының жоқтығы туралы анықтама.

Лицензия http://www.elicense.kz «Е-лицензиялау» интернет-портал арқылы электрондық түрде өтінішті беру күннен бастап 10 жұмыс күннен кешіктірмей беріледі.

Адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия беру туралы хабарлама лицензиат өтінішінде көрсетілген мекен-жайы бойынша жолданады.

Каримова А., Павлодар аудандық

Әділет басқармасының бас маманы,

                                                                           «ҚЗО» РҚБ Павлодар  филиалының мүшесі