Мемлекеттік тілді дамыту тетіктері

«Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы № 922 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 — 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі — Бағдарлама) бекітілді.

Бағдарламаның мақсаты: Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты.

Міндеттері: Мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру және стандарттау;

мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту;

мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру;

мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін арттыру;

мемлекеттік тілге сұранысты арттыру;

қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру және жүйелеу;

тіл мәдениетін жетілдіру;

Қазақстандағы тілдік әралуандықты сақтау.

Мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдаланылу аясын кеңейту мақсатында мемлекеттік тілдің беделін арттыру мен қолданылу аясын кеңейту жөніндегі жұмысты жүзеге асыруды көздейді.

Қойылған мақсатқа қол жеткізудің екінші міндеті мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қоғамның тыныс-тіршілігінің барлық саласына кіріктіру болып табылады.

Осы бағытта мемлекеттік тілде хабар тарататын жаңа телевизиялық арналар құру арқылы тілдік ортаны қалыптастырудағы БАҚ-тың рөлін күшейтуге ерекше назар аударылып отыр. Бұл ретте цифрлық телерадио хабарларын таратуды енгізу арқылы айрықша мүмкіндіктер ашылады.

Сондай-ақ балалар мен жастарға арналған қазақ тіліндегі контентті кеңейту, арнайы оқыту бағдарламаларын жасап, фильмдер түсіру арқылы мемлекеттік тілді оқыту процесін ұйымдастыруда медиалық саланың әлеуетін белсенді пайдалану көзделеді.

Сондай-ақ қазақ тіліндегі интернет-ресурстарды мемлекеттік қолдау жүйесі арқылы қазақ тілді БАҚ-тарға жүйелі қолдау көрсету де маңызды аспект болып саналады.

Қоғамдағы тіл мәдениетін тікелей қалыптастыратын адамдар ретінде БАҚ қызметкерлеріне қойылатын міндетті тілдік біліктілік талаптарын енгізу ерекше рөлге ие болады.

Сонымен бірге, аталған бағытта мемлекеттік тілді ғылым, заңнамалық актілер және жаңа технологиялар тілі ретінде дамыту шаралары көзделеді.

Осы ретте дәстүрлі және инновациялық тәсілдер негізінде өзіндік ғылыми-технологиялық тілдік базаны қарқынды дамыту барынша өзекті болып саналады.

Энциклопедияларды, ғылыми-публицистикалық, іскерлік, көркем және басқа да әдебиеттерді түпнұсқа тілінен қазақ тіліне аудару ісін ұйымдастыру және көп таралыммен шығару мемлекеттік тілдің қазіргі қолданбалы ғылым тілі ретіндегі рөлін барынша күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, «электрондық үкімет» шеңберінде электрондық қызмет көрсетудің барлық деңгейінде қазақ тілінің қолданылуын жандандыра түсу көзделеді.

Қазақ тілінің халықаралық қарым-қатынас, демалыс және ойын-сауық саласында қолданылуын кеңейте түсу де көзделіп отыр.

Мәдениет мекемелерінің репертуарларын қазақ тіліндегі жаңа контентпен толықтыру қажеттілігі мемлекеттік тілдегі жаңа қойылымдарды және жобаларды, оның ішінде балалар мен жасөспірім көрермендер аудиториясына лайықталған шығармаларды туындату үшін шығармашыл әлеуетті ынталандыруға арналған конкурстық шараларды ұйымдастыру және өткізудің міндеттерін айқындап берді.

Бұқаралық мәдени, спорт және басқа да көпшілік шараларды өткізген кезде мемлекеттік тілді кеңінен қолдану сөзсіз қажеттілікке айналуға тиіс.

Халықаралық кездесулер өткізіп, шарттарды, келісімдерді және өзге де халықаралық актілерді ресімдеу кезінде мемлекеттік тіл негізгі тіл болуға тиіс.

Этнотуристік іс-шараларды (мәдени-этнографиялық ескерткіштерге саяхат, скаутинг, балалардың этносаяхаттары және жазғы этнолагерьлер) ұйымдастырған кезде мемлекеттік тілдің әлеуетін белсенді пайдалану өте өзекті болып саналады.

 

Каримова Асем Павлодар аудандық

әділет басқармасының бас маманы,

«ҚЗО» РҚБ Павлодар  филиалының мүшесі