Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасы

Тұжырымдаманы іске асырудың басты қорытындылары ұлттық заңнаманың негізгі салаларының (конституциялық, әкімшілік, азаматтық, банктік, салық, қаржы, кеден, экологиялық, қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық-атқарушылық заңнама) айтарлықтай жаңаруы болды.

Мемлекет норма түзушілік процесін жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін, олардың қатарында: заң жобалары қызметін перспективті жоспарлау; нормативтік құқықтық актілер жобаларына ғылыми (құқықтық, сыбайлас, жемқорлыққа қарсы, криминологиялық және басқалар) сараптамалар енгізу, қабылданатын заңдарды толық қаржылық қамтамасыз ету процестері бар, шаралар қабылдады.

Конституциялық реформа барысында осы үлгі аясында Парламент палаталарының рөлі мен ықпалын арттырған билік қатынастарының жүйесі жаңғыртылды, олар бүгінде мемлекеттегі істің жай-күйіне бұрынғыдан да үлкен жауапкершілік алады.

Азаматтық қоғам институттарының жан-жақты дамуы, мемлекет пен қоғам қатынастарының үйлесімділігі бағдарының нәтижесінде мемлекеттік және қоғамдық институттардың неғұрлым белсенді өзара іс-қимылына конституциялық тыйымдар мен шектеулер алып тасталды, бүгінде біздің елдің ішкі жағдайы мен қажеттіліктеріне толықтай сай келетін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жаңартылды.

Сот төрелігін іске асыру кезінде соттардың тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған сот-құқықтық реформаның жаңа кезеңіне конституциялық деңгейде қарқын берілді. Өлім жазасын қолдану аясы қысқартылып, адамдардың өлімімен ұштасатын террористік қылмыстармен және соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстармен ғана шектелді, бұл Қазақстан жағдайында өлім жазасының іс жүзінде жойылғанын білдіреді. Соттың қамауға алуға санкция беруі енгізілді, прокуратура мен соттың тергеу жүргізу мүмкіндігіне конституциялық тыйым алып тасталды.

Жүргізілген реформа осылайша мемлекет пен қоғам институттарын одан әрі демократияландыруға бағытталған. Конституцияда танылған осы жүйелі шешімдердің барлығы Қазақстан Республикасының ағымдағы заңнамасында одан әрі іске асуға тиіс.

Сонымен қатар, әлемдік экономика мен саясатта болып жатқан іргелі өзгерістер, жаһандану процестері, сондай-ақ елдің ішкі даму серпіні қол жеткізгенге тоқмейілсуге мүмкіндік бермейді. Ұлттық құқықтың уақыттың жаңа талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ХХІ ғасырдың перспективаларына сай келмейтін құқықтық догмалардан түпкілікті арылып, мемлекеттің норма түзушілік және құқық қолдану қызметін одан әрі жетілдіру қажет.

Қазақстан үшін батыл мақсатты айқындау – 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену – адам, қоғам өмірінің сапасын арттыру және мемлекеттілікті нығайту үшін елдің жүргізіп отырған бағытын тиімді қамтамасыз етуге тиіс ұлттық құқықтық жүйеге жоғары талаптар қояды.

Сондықтан қазақстандық құқықтық жүйе құқықтарды қорғауды қолданудың қолайлы әрі сенімді болуы мәселелерінде әлемнің дамыған елдерінің заңнамасымен тең бәсекеге түсе алуы тиіс. Жалпы жаһандану және әлемдік бәсекелестіктің өсуі жағдайында көптеген елдер құқықтық жүйелерін жаңғырту және оларды адамның мұқтаждары мен қажеттіліктеріне және инвесторлардың мүдделеріне барынша жақындату қажеттігімен бетпе-бет келді. Бәсекеге қабілетті құқықтық жүйе өз құзырына бизнес пен инвестицияларды көбірек тартатыны, оның жемісі осы идеялар іске асқан елге дивидендтер әкеліп, кейіннен бүкіл әлем пайдаланылатын, батыл да озық идеяларды іске асыруға ықпал ететіні белгілі.

Сондықтан қазіргі кезеңде басым ұлттық жобаларды табысты іске асыру, қоғамдық маңызы бар өзекті міндеттерді шешу теңгерімді құқықтық саясат жүргізуден тікелей туындайды, бұл үшін тек өз тәжірибесі мен практикасын ғана ескеріп қана қоймай, қажет кезде біздің құқықтық жүйемізге дәстүрлі түрде тән болмаса да, іс жүзінде өзінің тиімділігін дәлелдеген, біздің ұлттық мүдделерімізге сай келетін басқа да институттарды пайдаланатын барынша прагматизм талап етіледі. Мұндай пайдалану түрлі құқықтық жүйелердің әлемде болып жатқан конвергенциясы процестерінде ұлттық құқықты жаңғырту үшін пайдалы болуы мүмкін.

Қазақстандық құқықты жаңғырту ісінде ауқымды жұмыс осыған дейін атқарылды. Отандық құқықтық жүйенің бәсекеге кабілеттілігін арттыра түсу үшін қолданыстағы заңнаманы жүйелеу, заңнама салалары бөлігінде одан әрі топтастыру; оны ескірген және қосарлас нормалардан арылту, құқықтық реттеудегі олқылықтардың орнын толықтыру, қолданыстағы құқықтағы ішкі қайшылықтарды жою; заңдардағы сілтеме нормаларды азайту және Конституцияға сәйкес заңнамалық актілер қабылдана алатын мәселелер аясында тікелей қолданылатын заңдарды қабылдау практикасын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.

Құқық шығармашылығы қызметін құқық салаларының және құқықтық жүйенің даму үрдістеріне ұдайы мониторингке, нормативтік құқықтық актілерді қолдану практикасын талдауға негізделетін болжамды-талдаулы қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу керек.

Бұл реттеу мазмұны мен әдістері бойынша норма түзушілік және құқық қолдану қызметінің әрбір актінің — оны әзірлеу, қабылдау, қолдану, өзгерістер мен толықтырулар енгізу, күші жойылды деп тану не жаңа акт әзірлеу жөніндегі барлық кезеңін айқын көрсететін қазіргі заманғы жүйе жасауға мүмкіндік береді.

Осындай рәсімдер мен тетіктер арқылы мемлекеттік органдардың норма түзушілік қызметі оңтайланып, жүйеге түседі. Бұл ретте құқықтық мониторинг кезіндегі әлеуметтік әдістерді кең қолдану құқықтық саясатты жүзеге асыру барысында қоғамдық пікірді неғұрлым ескеруге мүмкіндік береді.

Нормативтік құқықтық актілерді бағалаудың халықаралық стандарттары енгізілетін болады, бұл азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін неғұрлым толық ескеруге, құқық нормаларының тиімділігін, үнемділігін және ұтымдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Акт жобаларының ғылыми сараптамаларының барлық түрлерін олардың өлшемдерін, міндеттерін, сондай-ақ оларды жүргізу сатыларын анықтау арқылы нормативтік бекітудің маңызы зор. Сараптамаға нақ осындай көзқарас құқық шығармашылығы процесі барысында нормативтік құқықтық актілер қабылдаудың қаржы-экономикалық, әлеуметтік-саяси салдарын толықтай есепке алуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының жобаларына да ғылыми сараптама енгізу қажеттігі туындауда.

Осылайша, ғылыми сараптама жүйесін дамыту қоғам мен мемлекеттің қазіргі заманғы жай-күйі мен перспективаларына жауап беретін нормативтік құқықтық актілер жобаларын дайындау міндетін шешуге көмектеседі.

Қазіргі уақытта құқықтық реттелуі кодекстермен жүзеге асырылуы тиіс заңнаманың 17 саласы заң деңгейінде анықталды.

Сонымен қатар, кодификациялау — заңнаманы жүйелеудің жалғыз құралы емес. Басқа да құралдарды, мысалы, бір заңнамалық актіде белгілі бір қатынастарды реттейтін құқық нормаларын біріктіруді білдіретін, топтастыруды пайдаланған дұрыс.

Осыған байланысты нысанасы кешенді сипаттағы құқықтық қатынастарды реттеу болатын «топтастырылған» немесе «кешенді» заң ұғымдарын енгізу және заңнамалық бекіту перспективті болып табылады.

Кодификациялауға келсек, құқықты жүйелеудің осы жоғарғы нысанын таразылап және неғұрлым шектеулі түрде, негізінен, кодификациялаусыз тиімді құқықтық реттеуге қол жеткізу мүмкін болмайтын бір тектес қоғамдық қатынастар салаларында қалыптасқан құқық салаларына пайдалану керек.

Кез келген кодекстің қабылдануына ауқымды норма түзушілік және құқық қолдану практикасы, оған мұқият мониторинг, талдау және бағалау, жүйелік негізге қойылған алғы шарт болуы тиіс. Құқық саласы кодификациялау деңгейіне дейін «пісіп-жетілуі» тиіс.

Конституцияда бекітілген экономикалық еркіндік негіздері және Негізгі заңның базасында қалыптастырылған құқықтық кеңістік адамдардың шығармашылық бастамаларының дамуына күшті серпін беріп, қоғамдық өмірдің барлық салаларында жаңғырту факторына айналды.

Экономикалық өсу мен кәсіпкерлікті дамыту елде жүйелі экономикалық реформалардың құқықтық іргетасына және серпінді дамушы, ал болмысы жағынан біртекті емес тиісті заңнаманың қалыптасуына әкелді.

Сонымен қатар, қазіргі кезде кәсіпкерлік қызметті заңнамалық реттеуде, сондай-ақ бизнес үшін экономика саласындағы заңдардың қолданылуын барынша жеңілдетуде және қол жеткізуде әралуандық пен жүйесіздікті жою қажеттігі туындады.

Аталғандар кәсіпкерлікті реттейтін жүйе айналасында құрылатындай орталық актінің – кодекстің болу қажеттігін талап етеді.

Кез келген қоғамда әлеуметтік маңызды мүдделердің күрделі жүйесі болады. Мұндай мүдделерді іске асыру заң шығармашылығы процесіндегі ресми және бейресми мүдделік қолдау тетіктері арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты мүдделік қолдау тәрізді құбылысқа заңдылық ая беріп, соған сай заң жобаларын әзірлеуді, талқылауды және Парламенттің қабылдауын насихаттаумен байланысты қатынастарды регламенттеу қажет.

Норма түзушілік қызметке жұртшылықтың, үкіметтік емес ұйымдардың және жеке кәсіпкерліктің мүдделерін білдіретін бірлестіктердің өкілдерін кеңінен және тұрақты негізде тарту қажет.

Нормативтік құқықтық актілердің сапасын және тұтастай алғанда мемлекеттік аппаратта құжаттармен жұмыс мәдениетінің деңгейін айқындайтын заң техникасының деңгейін тұрақты жетілдіру және арттыру қажет.

Құқықтық реттеу тетіктерін жетілдіру перспективалары көп жағдайда құқық шығармашылығы және құқық қолдану процесіне ақпараттық технологияларды кеңінен енгізумен байланысты.

Осыған байланысты, «электрондық үкімет» инфрақұрылымының базалық құрамдас бөліктерін қалыптастыру, нормативтік құқықтық актілер дерекқорын жасау және тиімді енгізу мақсатында Нормативтік құқықтық актілердің электрондық форматтағы эталондық банкінің жұмыс істеуі ұтымды болып табылады. Сонымен бірге заңнамаға нормативтік құқықтық актінің электрондық түрін көздейтін ережелерді енгізу қажет, бұл ұлттық құқықты ақпараттандыруда маңызды қадам болады.

Норма түзушіліктің қолданыстағы практикасын жетілдіру жөнінде бұдан әрі шаралар қажет.

Заңдардың елде жүргізіліп жатқан өзгерістерге барабар мазмұны мен сапасы мемлекеттік билік институттарының тиімді қызмет етуі, биліктің заңнамалық және атқарушы салаларының сындарлы және серпінді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету арқылы қамтамасыз етілетін болады.

Демек, қоғам дамуының қазіргі заманғы үрдістеріне, жинақталған тәжірибеге және Қазақстандық мемлекет пен қоғамның таяу және алыс перспективалары туралы ғылыми негізделген, іргелі ұсынымдарға сүйенген бірыңғай құқықтық саясат қажет.

 

КаримоваА., Павлодар аудандық

Әділет басқармасының бас маманы,

«ҚЗО» РҚБ Павлодар  филиалының мүшесі